
Астана қаласында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы өкілдері №102 мектеп ұстаздарымен кездесіп, Конституциялық реформаларды түсіндірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиынға 100-ден астам білім саласының мамандары қатысып, ашық диалог форматында ой-ұсыныстарын білдірді.

— Кездесуде білім сапасын көтеру, мұғалім беделін арттыру және балаларға қауіпсіз, заманауи білім беру ортасын қалыптастыру мәселелері қозғалды. Ұстаздардың ұсыныстары тыңдалып, өзара пікір алмасу нәтижелі өтті. Ашық форматта өткен жүздесулерде ұстаздар өз ұсыныстарын білдіріп, мазмұнды ойларымен бөлісті. Мұндай кездесулер ортақ жауапкершілікті сезінуге және маңызды бастамаларды бірлесіп талқылауға мүмкіндік береді, — дейді жиынға спикер ретінде қатысқан Астана қалалық мәслихатының депутаты Мадина Әжікенова.
Жиын барысында Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары кеңінен талқыланып, оның қоғам дамуына ықпалы жөнінде пікір алмасу жүргізілді. Сонымен қатар білім беру сапасын арттыру, педагог мәртебесін нығайту және саладағы өзекті мәселелер де көтерілді.



