Елорда мектебінде STEAM инновациялық кабинеттері ашылды

Астанада «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №108 мектепте STEAM-оқытуды енгізуге арналған арнайы жабдықталған кабинеттер жұмыс істейді. Робототехника, инженерлік модельдеу және 3D-технология бағыттары бойынша үйірмелер ашылып, оқушылардың техникалық сауаттылығын арттыруға жағдай жасалған, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
№108 мектеп жұмысын ресми түрде 2024-2025 жылдардағы оқу жылының 1 қыркүйегінде бастаған. Қысқа мерзім ішінде білім беру ұйымы қаланың әлеуметтік инфрақұрылымындағы сұранысқа ие жаңа буын мектептерінің қатарына енді.
Мектеп директоры Гүлназ Жарылқапованың айтуынша, алғаш ашылған уақытта білім ошағына 600 оқушы қабылданса, қазіргі таңда олардың саны 1202 оқушыға жеткен. Бұл көрсеткіш мектептің беделі мен ата-аналар сенімінің жылдан-жылға артып келе жатқанының көрсеткіші екенін айтады ол.
«Бүгінде бізде 85 педагог қызмет атқарады. Мұғалімдердің басым бөлігі – жаңартылған білім беру бағдарламасы және цифрлық педагогика бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен кәсіби мамандар. Педагогикалық құрамның әлеуеті білім сапасын арттыруға, оқушылардың зерттеушілік, шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуға бағытталған», — деді Гүлназ Жарылқапова.
Мектепте оқу процесін тиімді ұйымдастыру үшін заманауи 80 пән кабинеті жабдықталған. Әр кабинетте интерактивті панельдер, цифрлық құрылғылар, пәнге бағытталған арнайы оқу-әдістемелік материалдар мен модульдік жиһаздар орнатылған. Бұл білім алушылардың практикалық дағдыларын дамытуға және оқу материалдарын игеруді жеңілдетуге мүмкіндік беретінін айтады мектеп басшысы.
Сонымен қатар мектепте оқушылардың жеке, топтық және жобалық жұмыстар жүргізуіне арналған 16 коворкинг аймағы қарастырылған. Бұл кеңістіктер оқушылардың өздігінен білім алуын қолдайтын көпфункционалды орта ретінде жобаланған. Коворкинг аймақтарында жұмсақ жиһаздар, топтық жұмыс үстелдері, ноутбуктер, шығармашылық пен академиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған құралдар орналасқан. Мұндай ашық білім беру ортасы оқушылардың ынтымақтастық, коммуникация, командада жұмыс істеу сияқты XXI ғасыр дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Сондай-ақ мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасалған. Арнайы жабдықталған кабинеттер, психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі, логопед, дефектолог мамандар жұмысы жолға қойылған. Инклюзивті орта заманауи стандарттарға сай жасақталып, барлық оқушының қауіпсіз әрі қолжетімді білім алуына мүмкіндік қарастырылған.
«Инновациялық білім беру моделін іске асыру шеңберінде пәндік және интеграциялық жобалар қолға алынды. STEAM-бағыттағы үйірмелер мен элективті курстар жүйелі түрде жұмыс істеп, оқушылардың инженерлік дағдыларын дамытуда. Цифрлық білім ресурстарын қолдану арқылы оқу процесі бірізді жолға қойылды. Инклюзивті білім беруді дамыту бойынша мектепішілік әдістемелік бірлестіктер жұмыс жүргізіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар үшін жеке оқу траекториялары әзірленуде», — деді мектеп директоры.
Оның айтуынша, мектептің тәрбие жүйесі «Құндылықтарға негізделген білім беру» тұжырымдамасына сай ұйымдастырылып, оқушылардың азаматтық позициясын, жауапкершілігін және еңбекқорлығын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр.



