Елорда күніне «Qala Fest» фестивалі өтеді

Елордадағы «Жетісу» саябағында 4 шілде күні қалалық «Qala Fest» фестивалі өтеді. Бұл – заманауи мәдениетті, экологиялық бастамаларды және кітап оқуға деген сүйіспеншілікті біріктіретін ашық алаң, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Фестиваль Елорда күніне орайластырылған. Оның бағдарламасы екі негізгі блоктан тұрады.
Сағат 16:00-ден 19:00-ге дейін кітап ауыстыру жәрмеңкесі өтеді, онда әрбір келуші өз кітаптарын әкеліп, басқа қатысушылармен ауыстыра алады. Сондай-ақ «Экоалмасу» атты экоаймақ жұмыс істейді, мұнда пластик бөтелкелерді тапсыру арқылы қатысушылар пайдалы экологиялық сыйлықтар ала алады.
Сағат 19:00-де қазақстандық танымал орындаушылардың қатысуымен концерттік бағдарлама басталады. Жанды музыка, мерекелік сахна және бірлік атмосферасы қала тұрғындарына ерекше әсер сыйлайды.