Елорда дамуының энциклопедиясы

«Астана ақшамы» газетінің жарыққа шыққанына да 35 жыл толып отыр. Осы газеттің бірінші нөмірін өзім шығарғандықтан, оның әр санын назарымнан қалдырмаймын. Жасыратыны жоқ, бұл газет шыққанда біз КСРО деген алып державаның құрамында болып, елдік және ұлттық тұрғыда еркін қарекет жасауымыз қиындау кез болатын.
Дегенмен де жетпіс жылдай салтанат құрған мемлекеттік жүйенің құлдырауы байқала бастаған-ды. Дәл осы тұста халықтың да егемендікке деген ерекше ұмтылысы пайда болған. Соның бір айғағы деп «Ақмола ақиқаты» газетінің шығуын айтуға болады.
Мен ол кезде облыстық телеарнада қызмет істеп жүрген едім. Бір күні қала басшысы шақырып жатыр деген хабар алып, қалалық атқару комитетінің үйіне бардым. М.Жақыпов қала басшысына алып барды. Жылы қабылдаған А.Бөлекпаев бірден шаруаға кірісіп, ақылдасқан адамдарының көпшілігі менің кандидатурамды қолдап отырғанын айтты. «Қалай, жаңа газетке редактор болуға жарайсың ба?» деп сұрақты төтесінен қойды. Мен де қарап қалмай «Сенім білдірсеңіздер, неге газет шығармасқа, боламын» деп жауап қаттым. Содан ұйымдастыру іс-шаралары қыза түсті. Қажетті мамандар іздей бастадым. Телеарнада жүріп-ақ газеттің нобайын дайындауға кірісіп кеттім. Арада екі күн өткенде қала басшысы орыс тілінде шығатын газеттің редакторлығына тағайындалған Александр Придьма екеумізді шақыртты. Барсақ «Газетті шығаратын уақыт келді, барлық ұйымдастырушылық-құқықтық іс-шаралар түгенделді. Ендігі мәселе, газеттерді қалай атаймыз, осыны ақылдасайық» деп әңгімеге тартты. Әзірге орысша газетке «Вечерний Целиноград» деген атау берсек деп отырмыз, ал қазақша газетті қалай атасақ болады?» деп бізге қарады. Мен осы сәтте көп ойланбастан «Ақмола ақиқаты» деп атайық дедім. Ешкім үндемей қалды. Мен тағы да «Қазір Одақтың кейбір қалаларына тарихи атаулары қайтарылып жатыр. Ақмола да – осы қаланың байырғы атауы. Ол да көп кешікпей қайтарылуы мүмкін…» деп қалдым. Бірақ сол жерде отырған біраз адамға менің ұсынысым да, пікірім де жақпай қалғанын сездім. Сәлден кейін қала басшысы «Жарайды, ойланып көрейік…» деп орнынан тұрып кетті. Сонымен сол күнгі «ақылдасудан» ешқандай нәтиже шықпады. Ал газет мәселесіне байланысты екінші күні барғанымызда әңгіме төркіні өзгеріп шыға келді. Газетке «Ақмола ақиқаты» атауы берілетін тоқтам жасалды. Сөйтіп, 1990 жылдың 13 қазан күні «Ақмола ақиқаты» оқырман қолына тиді.
Сол газет уақыт өткен сайын түрленіп, көркейіп келеді. Қазір елордамыздың негізгі ақпарат органына айналды. Астана қаласы дамуының энциклопедиясы десек те жарасады. Газет, сонымен қатар, журналистердің ұстаханасына да айналып отыр.
Мерейлі белес, берекелі мереке баршамызға қайырлы болғай! Газет ғұмырлы бола берсін!
Кенже ЖҰМАҒҰЛОВ,
1990-1997 жылдары
«Ақмола ақиқаты»
газетінің редакторы