Елорда базарларында заңдылық пен тәртіпті сақтау бойынша бақылау күшейтілуде

Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында сауда саласындағы құқықтық тәртіп пен заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық рейдтер жалғасуда. Кезекті тексеріс «Әлем» және «Аймақтау» базарларында өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Тексеріс жұмысына Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, Төтенше жағдайлар департаменті мен салық қызметінің өкілдері қатысты.
Мамандар бірнеше маңызды мәселеге назар аударды: өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы, санитарлық талаптардың орындалуы және салықтық есеп берудің дұрыстығы.
Кәсіпкерлерге сауда орындарында тазалықты сақтау, эвакуациялық шығу жолдарының ашық болуын қамтамасыз ету, онлайн-ТКМ (тексеру-кассалық машина) қолдану және жеке тұлғалар арасындағы банктік аударымдар арқылы есеп айырысудан бас тарту қажеттігі ескертілді. Мұндай операциялар ҚР Салық кодексінің 166-бабына сәйкес кәсіпкерлік қызметте тыйым салынған.
Сонымен қатар, рейд барысында жеке деректер мәселесі де қозғалды. Сауда өкілдеріне банктік карталар арқылы есеп айырысу кезінде клиенттердің жеке деректерін беруге немесе таратуға жол берілмейтіні еске салынды.
«Біздің мақсатымыз – айыппұл салу емес, ескерту. Біз кәсіпкерлердің ережелерді біліп, жауапкершілікті түсінгенін және қателікке жол бермеуін қалаймыз. Мұндай рейдтер заңнамадағы маңызды жаңашылдықтарды сол жерде түсіндіріп, бұл бизнестің қауіпсіздігі мен табысына тікелей әсер ететінін көрсетуге көмектеседі. Негізгі мақсат – ақпараттандыру деңгейін арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету», – деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев.
Профилактикалық рейдтер алдағы уақытта елорданың басқа да сауда нысандарында жалғасады.