Елорда архивіндегі тағылымды кездесу

Астана қаласының мемлекеттік архивінде «Астана Гидтар клубы» мен «AOMI Travel турагенттігі» өкілдерінің қатысуымен мазмұнды әрі тағылымды кездесу кеші өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл кездесу архивте жатқан елорда тарихын кәсіби гидтер арқылы кеңінен танытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Соның аясында Астана қаласының мемлекеттік архиві мен туризм саласы өкілдері арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған меморандум архив пен гид өкілдерінің өзара кәсіби байланысын нығайтып, тарихи деректерді экскурсиялау және танымдық бағыттарда тиімді пайдалануға жол ашады.
Кездесу барысында қатысушылар архив қорында сақталған Ақмола, Целиноград және Астана кезеңдеріне қатысты бірегей тарихи құжаттармен, сирек фотосуреттермен және қала дамуының маңызды кезеңдерін айқындайтын материалдармен танысты. Бұл деректер елорданың тек заманауи келбетін ғана емес, оның ғасырлар қойнауынан бастау алатын бай тарихын да ашып көрсетеді.
Гидтер тарапынан архивтік деректерге деген қызығушылықтың жоғары екені ерекше назар аудартты. Себебі түпнұсқа құжаттар мен нақты тарихи мәліметтерге сүйенген экскурсиялар туристер үшін де аса құнды, әрі әсерлі бола түсетіні анық.
Астана қаласының мемлекеттік архиві тарихты сақтаумен қатар оны қоғамға кеңінен насихаттауды өз қызметінің басым бағыттарының бірі деп санайды. Осы орайда туризм саласының кәсіби өкілдерімен орнаған әріптестік болашақта мазмұнды жобалардың жүзеге асуына негіз болатынына сенім мол.



