Елорда әкімінің орынбасары кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін тыңдады

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында өңірлік кеңес мүшелері мен салалық кеңестер өкілдерінің Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовпен кеңейтілген кездесуі өтті. Кездесу бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы жүйелі мәселелерді тікелей талқылауға арналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиынға кәсіпкерлер палатасы жанында жұмыс істейтін 11 салалық кеңестің мүшелері, уәкілетті мемлекеттік органдардың және елордалық кәсіпкерлер қауымдастығының белсенді өкілдері қатысты.
Астана қаласы әкімдігіне өзінің ұсынысын «Garmonya» жеке қорының президенті, Іскер әйелдер арасындағы салааралық кеңестің мүшесі Елена Куликова жолдады. Ол әйелдер мен әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға арналған гранттар мәселесін көтеріп, қолданыстағы 5 млн теңгеге дейінгі гранттан басқа қандай қолдау тетіктері қарастырылғанын сұрады. Сонымен қатар инвестициялар, инновациялар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларындағы кадр тапшылығы жағдайында кадрларды іріктеу механизмдері туралы да айтылды.
Кездесу барысында Денсаулық сақтау салалық кеңесінің мүшесі, «Акжан LTD» ЖШС директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Роза Карабекова жертөле қабаттарда орналасқан жеке медициналық клиникаларды лицензиялау қиындығын көтерді. Санитариялық талаптарға сай болуына қарамастан, мұндай нысандар медициналық қызмет көрсетуге жарамсыз деп танылып отыр.
«Бұрын УДЗ аппараты жарты бөлмені алатын болса, қазір ол алақанға сыяды. Жертөле жайлары да солай. Шет елдерде оларды белсенді пайдаланады, ал бізде «жертөле» деген ұғымның өзі кедергіге айналуда», – деді ол.
Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шагалтаева бұл ұсынысты қолдап, қолданыстағы талаптардың қазіргі заманғы сәулет және құрылыс технологияларын ескермейтінін айтты. Оның айтуынша, жертөле қабаттардағы нысандар жеке кіреберісі, терезелері, биік төбелері, зертханалық нормаларға сәйкестігі және шектеулі өткізгіштік қабілеті болған жағдайда толыққанды ретінде қарастырылуы мүмкін. Ол санитарлық ережелерге өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру үшін Денсаулық сақтау министрлігіне тиісті ұсыныстар жолдауды ұсынды.