Елорда әкімі қаладағы кептеліс мәселесін шешу жолдарын айтты

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қаладағы кептеліс мәселесі елордадағы халық санының жыл сайын жылдам өсуімен байланысты өзекті бола түседі. Астанаға әр жылда 100 мыңға жуық адам жан-жақтан көшіп келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Қаланың өзінде тіркелген автомобильдер саны – 450 мың. Одан бөлек күніне 100 мыңдай жеке көлік қала іргесіндегі өңірлерден келіп кетеді, транзитпен өтеді. Келесі жылы көліктер саны одан да көп болады. Күнде өсіп отыр. Сондықтан қаланың өсуімен байланысты мұндай мәселелер бірге туындай береді. Оны шешу үшін әрине бірнеше маңызды шаралар қабылдануда. Соның ішінде жаңа көшелер салу, мысалы былтыр Ш. Айтматов көшесін аштық, оны айналма жолға дейін Қосшыға қарай созамыз. Себебі Қосшыдан өте көп машина келеді. Пригородный тұрғын алабына дейін Тәуелсіздік көшесін сол жерге дейін созып апарамыз. Ол Тұран, Мәңгілік ел, Қабанбай көшелерімен параллель өтетін жол. Бұл өзгеріс осы негізгі үш жолдағы кептелісті азайтады деген жоспар бар. Осындай жобалар аз емес. Баяндамада айтып өткендей биыл 60 шақырым жолды жөндеп, 14 км жолды жаңадан салдық, — деді әкім.
Кептеліс мәселесін шешуде ЛРТ желісінің де тиімділігін айта келе әкім аталған көлік желісі алдағы 2 айда іске қосылып, бұл Нұра ауданындағы осы мәселенің түйінін шешуге септік ететінін атап өтті.
-Бұған қоса ЛРТ құрылысының екінші кезеңінде оны Қосшы қаласына дейін созамыз. Себебі күн сайын Астанаға Қосшыдан 50 мыңдай адам келіп, кетеді. Сондай-ақ 22 мыңдай автомобиль кіріп, шығады. Сонымен қатар Қосшыда тұратын азаматтардың көбі Сарыарқа мен Байқоңыр ауданындағы мекемелерде жұмыс істейді. Олар Есіл мен Нұра ауданын транзитпен кесіп өтеді де, таңертең және кешке қосымша кептеліс мәселесін күшейте түседі. Негізгі кептеліс осы аудандар мен көпірлерге баратын жолдарда болады. Мәңгілік ел көшесінде Министрліктер үйі тұсындағы екі жағында екі көпірге баратын жол, сондай-ақ Д. Қонаев, Сарайшық, Сығанақ және Тұран, Қабанбай батыр, осы 5-6 көшеде негізгі үлкен кептелістер болады. Алдағы уақытта тағы қосымша 2 көпір салуды жобалап жатырмыз, олардың құрылысы келесі жылдың аяғында басталады деп жоспарлануда. Соның бірі Хусейн бен Талал көшесінен әрі жалғасын тауып, Орталық мешіт жанынан өтіп, Есілге дейін барады. Екіншісі Ш. Айтматов пен Тұран көшелерінің ортасынан Кенесары көшесіне шығатын көпір болады. Бұл да кептелісті азайтуға септік етеді, — дей келе әкім осы ретте қоғамдық көліктер санын көбейту де осы мәселені шешуге ықпал ететінін жеткізді. Сондықтан елордалықтар қоғамдық көлікке көшіп, автобустар да халық үшін жайлы, сервисі жоғары деңгейде болса жеке автомобильдер санын азайту арқылы кептелісті болдырмауға әсер етеді.
— Сонымен қатар тағы бір ірі жоба – Қабанбай батыр көшесінде Қосшыдан бастап 2-3 қабаттан жолдар салу. Басқа елдерде осындай жобалар кептеліс мәселесін шешу үшін 10-15 жыл бұрын қолға алынды. Өсіп, дамып жатқан қалаларда бұдан басқа жолы жоқ. Жалпы транзитті, екінші деңгейде өтетін көшелерді 1-2 жылда салып іске қоссақ, кептелісті 2 есе азайту мүмкіндігі бар, — деді Ж. Қасымбек.
Әкім мемлекеттік органдар мен бірқатар ұлттық компаниялардың жаңа жұмыс кестесі қаладағы негізгі магистральдарға түсетін жүктемеге қалай әсер еткенін айтты. Оның сөзінше, таңғы қарбалас уақытта – сағат 8.00, 9.00 және 10.00 аралығында негізгі көшелердегі автокөлік саны 10-15%-ға азайған. Ал магистральдардағы жүктеме 5-10%-ға төмендеген.
-Мәселен, қыркүйек айының басында таңғы қарбалас уақытта Мәңгілік Ел даңғылымен 4 152 автокөлік өтсе, жұмыс кестесі өзгергеннен кейін өткізу қабілеті 4 420 көлікке дейін артқан. Бұл шамамен 8-9%-ды құрайды. Осындай оң динамика басқа да негізгі көшелерде байқалады. Сонымен қатар бір жыл ішінде қоғамдық көлікпен қатынау үлесі 43%-ға артқан, ал тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 37%-ға ұлғайды, — деді әкім.



