Ел тынысы
Елімізде 10 ядролық медицина орталығы жұмыс істейді

ҚазОРҒЗИ басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетовтің айтуынша, алдағы жылдары жеке инвестициялар есебінен тағы 5 ПЭТ/КТ орталықтарын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, амбулаториялық жағдайда лютеция және самария негізіндегі терапевтік радиофармпрепараттарды пайдалану үшін нормативтік базаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Зерттеулердің қолжетімділігін арттыру мақсатында барлық өңірлік онкологиялық орталықтарды қажетті зертханалық жабдықтармен кезең-кезеңімен қамтамасыз етуді, кадрларды даярлауды, түрік мамандарымен ынтымақтастықта халықаралық тәжірибені ескере отырып телепатология жүйесін енгізуді көздейтін жол картасы әзірленді. Бұл зерттеулер тек диагностикалау үшін ғана емес, сонымен қатар емдеу тактикасын анықтау және ісіктің таргеттік және иммуноонкологиялық препараттарға сезімталдығын бағалау үшін де қажет», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, заманауи таргеттік және иммуноонкологиялық препараттарды сатып алуды қаржыландыру көлемі артып келеді. Егер 2015 жылы бұл препараттарға шамамен 9 млрд теңге бөлінсе, өткен жылдың қорытындысы бойынша таргеттік және иммундық препараттарға 103 млрд теңгеден астам жұмсалған. Сондай-ақ, 2025 және 2026 жылдары тағы 10 желілік үдеткіш орнату жоспарлануда.
«2028 жылға қарай сәулелік терапияны жүргізуге арналған заманауи жабдықтармен жабдықталу қажеттіліктің 80%-дан астамын қамти отырып, 85%-ды құрайды», – деді спикер.