«Электрондық ішкі мемлекеттік аудит» модулін қолдану

Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Оразбай аумақтық департаменттердің басшылық құрамының қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Күн тәртібінде электрондық мемлекеттік аудитті дамыту және қолдану мәселесі қаралды.
Кеңес барысында электрондық аудиттің тексеруші мен тексерілуші арасындағы тікелей байланысты болдырмай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, іссапар шығындарын, еңбек және уақыт шығындарын қысқартуға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Сонымен қатар, бұл бір мезгілде бірнеше нысанда тексеру жүргізуге мүмкіндік береді.
Аудиттің цифрлық тетіктеріне көшу Комитет жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл бюджет қаражатын пайдалануды бағалаудың тиімді, ашық және уақтылы жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.
Кеңес қорытындысы бойынша Мұрат Оразбай онлайн бюджеттік мониторинг деректері негізінде анықталған өрескел бұзушылықтарға тек электрондық форматта ықпал ету бойынша нұсқамалық ден қою шараларын қолдануды тапсырды.