Елдік рухтың жаршысы

Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің, егемендігі мен ұлттық болмысының басты нышаны әрі халқымыздың өткені мен бүгіні арасын жалғайтын қасиетті белгі. Олар – мемлекеттіліктің ресми символы ғана емес, ұлттық сана мен ұрпақтың тарихи жадысын жаңғыртушы ерекше рухани күш.
Ерекше қастерлі елтұмар
Мемлекеттік рәміздер тек көрнекі белгілер емес, оларда ұлттың тарихы мен тағдыры тоғысып, рухы мен мақсаты бейнеленген. Ту – биік арман, Елтаңба – тарихи сабақтастық, Әнұран – жүрек лүпілі іспетті.
Қазақстан тарихындағы ерекше күн – 1992 жылдың 4 маусымы. Осы күні Ту, Елтаңба және Әнұран ресми түрде бекітіліп, егемен еліміздің нышандары заң жүзінде қабылданды. Ал 6 маусымда осы рәміздер туралы алғашқы заңдар күшіне енді. 2007 жылы 4 маусымда «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заң қабылданып, олардың қолданылу тәртібі нақтыланды.
Зерттеу мен зерделу маңызды
Мемлекеттік рәміздердің мазмұнын терең түсіну, қолдану мәдениетін арттыру және құқықтық негізін нығайту – ұлттық идеологияның басты тетігі. Осы орайда Мемлекеттік рәміздерді ғылыми-әдістемелік тұрғыда зерделеу және оларды қоғамда кеңінен насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі 2021 жылы 31 наурызда №195 қаулы шығарып, Геральдикалық зерттеулер орталығын құрды. Бұл – Қазақстан тарихында геральдика саласын жүйелі зерттеуге арналған алғашқы әрі бірегей мекеме. Аталған орталықтың құрылуы тәуелсіз Қазақстанның ұлттық нышандарға деген құрметін арттырып қана қоймай, оларды ғылыми негізде зерделеудің жаңа кезеңін бастады. Орталықтың басты міндетінің бірі – қазақ геральдикасының тамырын тереңнен тартқан тарихын зерттеу. Сонымен қатар орталық халықаралық тәжірибелерді мұқият зерделеп, өзге елдердің рәміздік саясатындағы озық үлгілерін отандық жүйеге бейімдеу жағын да қарастырады. Мекеме мамандары рәміздерді қолдану тәртібін реттейтін заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар дайындап, жауапты органдарға жолдайды. Бұл – рәміздерді бейберекет қолдануға жол бермеудің, сондай-ақ елтаңба мен тудың заңсыз түрленген нұсқаларына тосқауыл қоюдың құқықтық тетігі. Орталық құрамында геральдикалық зерттеулер, наградаларды сараптау, насихаттау, қаржы және әкімшілік сынды 5 бөлім жұмыс істейді.
Қазіргі таңда еліміздің барлық облыстары мен үш ірі қаласында «Рәміздер алаңы» ашылған. Бұл бастама – халықтың ұлттық нышандарға деген құрметін арттыруға бағытталған нақты қадам. Астана қаласындағы ең үлкен ту тұғыры – осы игі істің айқын дәлелі.
Құрмет болмаса, құны да болмайды
Мемлекеттік рәміздерге қатысты құқықтық негіз бар. Қазақстан Республикасы Конституциясының 9-бабында: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Гимні бар» деп нақты жазылса, 34-бапта әр азаматтың оларды құрметтеуге міндетті екені ашық айтылды.
Мемлекеттік рәміздер әр азаматтың жүрегінде асқақ рух, қастерлі сенім ұялатуы тиіс. Сондықтан елтаңба, ту және әнұранды қалай болса солай өзгертуге, олардың мазмұны мен пішінін бұрмалауға, тіпті аяқтың астына тастауға болмайды. Бұл – тек құқық бұзушылық емес, ұлттық ар-ожданға қарсы жасалған өрескел әрекет.
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде Мемлекеттік рәміздерді өз бетінше өзгертіп, сауда белгісі ретінде қолдану, тіпті мазақ ету жағдайы кездесіп жатады. Мұндай әрекеттерге заңмен тыйым салынған. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 458-бабында Мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу жауапкершілікке тартылатын әрекет деп нақты көрсетілген. Мәселен, 2025 жылдың наурыз айында Атырау қаласында төрт қыздың мұз айдынында Қазақстан туының өзгертілген нұсқасымен түскен фотосуреті қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бетінде араб жазуы мен қылыш бейнеленген бұл ту Мемлекеттік рәміздерді қорлау әрекеті ретінде бағаланды. Полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабы бойынша іс қозғап, нәтижесінде үш әйелге әкімшілік жаза қолданды. Мұндай мысалдар көпке үлгі боларлық әрекет емес. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – заңдық міндет қана емес, адамдық, азаматтық борыш.
Мемлекеттік рәміздердің әрқайсысының өз орны, өз мәртебесі, өз мағынасы бар. Сондықтан оларды бейберекет қолдануға жол берілмеуі тиіс. Мәселен, Мемлекеттік ту тек ресми ғимараттарда, халықаралық жарыстар мен салтанатты іс-шараларда, рұқсат етілген орында ғана көтерілуі тиіс. Кейбір азаматтар көлік терезесіне іліп, тіпті киім үлгісіне пайдаланып жататыны байқалады. Бұл – туға деген құрметтің емес, керісінше, оны қадірлемеудің белгісі. Елтаңба тек арнайы мекемелерде, мемлекеттік құжаттарда, ресми бланкілерде ғана бейнеленуі керек. Кей жағдайда оны жеке заттарға жапсыру, жарнамаға немесе сауда белгісіне айналдыру орын алып жүр. Бұл да рәміздің мәнін түсінбеудің салдары. Әнұран – ең биік рухани белгі. Әнұран шырқалғанда орнынан тұру, оң қолын жүрек тұсына қою – бұл жай салт емес, ұлт алдындағы жауапкершілік пен құрметтің көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, әр рәміздің қолданылу тәртібін сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Мемлекеттік рәміздер туралы заң бар, бірақ басты заң – жүректегі құрмет пен ұлттық санада.
Геральдикалық зерттеулер орталығының бас маманы Айгүл Ермекованың айтуынша, бүгінде рәміздерді қолдануда бірқатар кемшілік кездеседі. Кейбір аудандар өз бетімен логотип түрінде герб жасап алған. Сондай-ақ рәміздердің киімдерде, тағам қаптамаларында, жарнамаларда жөнсіз қолданылуы дұрыс емес.
«Жалпы Мемлекеттік рәміздерге байланысты назар аударуға тиісті мәселе өте көп. Қазір біздің орталығымыз сол мәселелерді реттеуге баса назар аударуда. Әрбір мемлекеттік нышанды қолданудың, пайдаланудың нормасы, тәртібі бар. Отандастарымыз соны ескеруі керек» дейді ол.
Қысқасы, Мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарап, оның мәнін ұрпақ бойына сіңіру – баршамыздың қасиетті парызымыз. Себебі рәміз жай ғана сурет немесе әуен емес, ол – елдік рухтың жаршысы!
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ,
Ақтілек МЕРЕКЕ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің студенті