Елдегі лифтілердің 40 пайызы жарамсыз

Астанада көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде жөндеу жұмыстары кезінде лифт құлады. Оқиға салдарынан лифтіге жауапты компанияның бір қызметкері қаза тауып, екі қызметкер жарақат алды. Бұл жағдайға қатысты заңгер Нұржігіт Сұлтанбек Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында пікір білдірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Заңгердің айтуынша, аталған оқиға бойынша жауапкершілік бірнеше тарапқа жүктелуі мүмкін.
— Бұл жерде үш тараптың да жауапкершілігі бар деп есептеймін. Біріншіден, лифтіні орнатқан компания, екіншіден, оған қызмет көрсететін мекеме, үшіншіден, пәтер иелері кооперативі. Қазіргі таңда адам өліміне байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу органы Қылмыстық кодекстің 156-бабы бойынша іс қозғады. Нәтижесінде нақты кінәлі тұлғалар анықталып, процессуалдық шешім қабылданады, — деді Нұржігіт Сұлтанбек.
Оның айтуынша, жарақаттың үш санаты бар, жеңіл, орташа және ауыр. Сонымен қатар адам өліміне әкелген жағдай бөлек бағаланады. 156-бапқа сәйкес, кінәлі деп танылғандарға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Заңгер лифтіні орнатқаннан кейін оның әрі қарайғы қауіпсіз эксплуатациясына қызмет көрсетуші компания жауапты екенін атап өтті.
— Қызмет көрсетуші мекеме лифтінің ақауын дер кезінде анықтап, жоспарлы жөндеу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отыруы тиіс. Сонымен қатар кез келген жұмыс беруші Еңбек кодексіне сәйкес өз қызметкерлерінің қауіпсіздігін бірінші кезекте қамтамасыз етуге міндетті, — деді ол.
Сондай-ақ Қазақстанда лифт компанияларын сертификаттайтын арнайы комитет бар екені, сол орган лицензия береді және жыл сайын регламентке сай тексеріс жүргізілетіні атап өтілді.
— Бұл жерде тексерістерді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен қатар, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциялары да жүйелі түрде жүргізіп отыруы қажет, — деді сарапшы.
Нұржігіт Сұлтанбектің айтуынша, қазіргі таңда елдегі лифтілердің 40 пайыздан астамы тозығы жеткен, олардың пайдалану мерзімі 25-30 жылға дейін созылған. Ал мемлекеттік стандарт бойынша лифтінің қызмет ету мерзімі 20 жыл ғана. Астана қаласы бойынша 2028 жылға дейін ескі үйлерді реновациялау бағдарламасы қарастырылған. Бағдарлама аясында лифтілер мен үйдің қасбеттері жаңартылады.
Еске салсақ, Астанада жөндеу кезінде лифт құлап, бір жұмысшы көз жұмған еді.



