Ел тағдыры айқындалған күн
Референдумда дауыс берді
Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумға қатысып, Оқушылар сарайында орналасқан № 51 референдум учаскесінде дауыс берді. Президент дауыс берген соң отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін еліміздің дамуы мен келешегі үшін ерекше маңызды күн екенін атап өтті.
«Бүгін еліміздің тағдырын айқындайтын күн. Баршаңызға құтты болсын! Шын мәнінде, бұл – тарихи құжат. Ол азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Сондықтан оның маңызы өте жоғары. Жаңа Конституция еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін қорғайды. 1995 жылы қабылданған Конституция ерекше рөл атқарды. Еліміз 35 жыл осы құжатпен өмір сүрді. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді. Бұл жұмысқа мен де белсене атсалыстым. Конституцияның преамбуласын және басқа да нормаларын өзім жаздым. Жаңа Ата Заң ел игілігіне, келешегіне қызмет етеді деп сенемін» деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін Президент конституциялық реформаның негізгі мақсаты мен міндеттеріне, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты бірқатар сауалға жауап берді.
Президент сайлауы 2029 жылы өтеді
Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасына қатысты референдумда дауыс бергеннен кейін журналистерге арналған брифинг өткізді. «Время» газетінің тілшісі Тоғжан Ғани: «Әлемдік тәжірибеде конституциялық реформа ұзақ уақытқа созылады. Ал бізде жаңа Конституцияны дайындауға және талқылауға аз ғана уақыт жұмсалды. Бұған халықаралық байқаушылар назар аударып, сынға алды. Сіз бұл жөнінде не дейсіз?» деген сұрақ қойды.
Бұл сұраққа Президент: «Бұған дейін айтқанымдай, Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары біраз уақытқа созылды. 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгені өздеріңізге мәлім. Сол кездің өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Бірақ біз ондай қадамға бармадық. Дегенмен жаңа Конституция қабылдау туралы идея пайда болды. Шамамен екі жыл бұрын іске кірістім. Елімізге жаңа Конституция қабылдау керек деген ұйғарымға келдім. Қазақстан, ең алдымен, зайырлы мемлекет болуға тиіс. Бұл Конституция елімізді ілгерілетініне ешқандай күмәнім жоқ. Біз көштен қалмай, прогрестің алдыңғы шебінде жүруіміз керек. Озық ел болсақ, басқа мемлекеттер бізге құрметпен қарайды. Ел тағдыры – өз қолымызда. Сол үшін табанды еңбек ету керек. Алдымызда тұрған ең үлкен мақсат – осы» деп жауап берді.
Jibek joly телеарнасының тілшісі Зұлқарнай Ермұрат: «Кейбір сарапшылар «Конституциялық реформа – билік транзитіне, Президент сайлауына дайындық» деген пікір айтып жүр. Жалпы, Вице-Президент лауазымы не үшін қажет? Осыған қатысты пікіріңізді білсек деп едік» деген сауал қойды. Бұл сауалға Мемлекет басшысы: «Вице-Президент лауазымы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүргенін білемін. Шын мәнінде, бірқатар шет мемлекетте Вице-Президент лауазымы бар. Кейбір сарапшылар «Қазақстанда билік ішінде бәсеке өршіп, түрлі үрдістер жүреді, елге зиян келеді» деген пікір білдіруде. Бұл мәселеде қоғамға зардап келетіндей қорқыныш жоқ. Вице-Президент лауазымы біздің билік институттарын нығайтады. Келешекте бәрі айқын болады. Мемлекет басшысы ретінде бұл лауазымға, жалпы бүкіл реформаға үлкен үміт артып отырмын. Ал Президент сайлауы қазіргі Конституцияға сәйкес 2029 жылы өз мерзімінде өтеді» деп жауап берді.
Tengrinewskz ақпарат агенттігінің тілшісі Айсұлтан Құлшымановтың: «Қазақстан халықаралық қақтығыстарды әрдайым дипломатиялық жолмен шешуді жақтайды. Сіз бұл ұстанымды жақында Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты мәлімдемелеріңіз арқылы растадыңыз. Сондай-ақ Шығанақтағы бірқатар мемлекет басшысымен телефон арқылы сөйлесіп, оларға қолдау білдірдіңіз. Бірақ Иран Президентімен сөйлеспедіңіз. Бұл Қазақстанның бейтарап ұстанымынан айнып, араб елдерін қолдайтынын білдіре ме?» деген сұрағына Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан әлемге бейбіт ел ретінде белгілі. Кез келген қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді жақтаймыз. Бұл – айнымас ұстанымымыз. Таяу Шығыста орын алған жағдайдың түрлі себебі бар. Мен мұны жақында өткен алқалы жиында да айтқанмын. Расында, Шығанақтағы араб елдерінің басшыларымен телефон арқылы сөйлестім, тілектес екенімді жеткіздім. Ал Иран Президенті Масуд Пезешкианның жақында елімізге ресми сапармен келгенін білесіздер. Сол кезде жақсы әсер қалдырды. Ол – зайырлы көзқарастағы адам, өзі кардиохирург. Мен оның Иран Шығанақ елдеріне шабуыл жасамайды деген мәлімдемесін құптадым.
Біз Иран халқына, оның мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймыз. Сондықтан өз ұстанымымыздан айныған жоқпыз, әрдайым бейбітсүйгіш ел болып қала береміз» деп жауап берді.
Zakon.kz сайтының тілшісі Оксана Даированың: «Президент мырза, жаңа Конституция жобасын екі-үш сөзбен сипаттап бере аласыз ба?» деген сұрағына Мемлекет басшысы: «Бұл – заң мен тәртіп үстемдік құратын Әділетті Қазақстанның Конституциясы, болашаққа бағдарланған құжат. Ата Заң алдымен жастарға арналған, яғни жас буынның темірқазығы болуға тиіс. Жаңа Ата Заңның мақсаты – осы. Қазақстан прогрессивті, заманауи мемлекетке айналуы керек. Бұл – біздің алдымызда тұрған ең басты міндет» деп жауап қайырды.
Euronews телеарнасының тілшісі Боян Бркич брифингте: «Сіз Қазақстан халықаралық аренада орта держава ретінде танылғанын ұдайы айтып келесіз. Еліңіз Президент Трамп құрған Бейбітшілік кеңесіне мүше болды. Сіздің ойыңызша, Таяу Шығыстағы қазіргі жағдай Бейбітшілік кеңесіне қалай әсер етеді? Бұл бастама өміршең дей аласыз ба? Дональд Трамптың жобасын қолдау жөніндегі шешімге қалай келдіңіз?» деген сұрағын қойды.
Оған Президент: «Ең алдымен, Америка Құрама Штаттарының Президентіне құрметім ерекше екенін атап өткім келеді. Оның ақыл-парасатқа негізделген стратегиясы өте дұрыс, құптауға лайық. Бейбітшілік кеңесі туралы бастаманың идеясы, халықаралық күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді шешудегі жаңашыл тәсілдері көңілден шықты. Мұнда әуелі дәстүрлі дипломатия мен ірі бизнестің мүмкіндіктері ұштасады. Бұл қарапайым халыққа, соның ішінде Газа секторының тұрғындарына нақты пайдасын тигізеді. Әлем халқы бітпейтін конференциялардан жалықты. Аталған жиындарда қабылданатын ізгі ниетті қарарларды аздаған адам ғана оқиды. Сол себепті бұл идеяны қолдау қажет деп ойлаймын. Өйткені тың шешімдер ұсынады. Президент Трамп мықты тұлға ретінде әсер қалдырады. Ол – батыл көшбасшы. Таяу Шығыста, соның ішінде Палестинада бейбітшілік орнату мүмкіндігі әлі де бар екеніне кәміл сенемін. Бұл бастама баянды болады деп үміттенемін» деп жауап берді.



