Басты ақпаратЕл тынысыРуханият

Ел мұраты ұйыстырған екі алып

Ұлт-азаттық қоз­ғалыстың бас­ты тео­ретигі, негіз­гі идеологы жəне шебер ұйым­дастырушысы, І Мемлекеттік Думаның мүшесі, қазақтың ұлттық «Алаш» партиясының негізін қалаған, Алашорда үкіметін басқарған Əлихан Бөкейхан Ресейдің күллі мұсылман зиялыларының арасында ерекше беделге ие болып, өзімен үзеңгілес зия­лы қауымның өріс бағытын айқындап, тұстастарына да, өзінен кейінгілерге де ұстаздық ете білді. Мұстафа Шоқайдың жазуынша, Əлихан Бөкейхан Сталинге «пролетарлық қозғалыс жоқ қазақ далаларында орыс пролетариаты диктатурасының орнауы қазақ халқын апатқа душар етеді» деп айта алған ерекше тұлға болатын.

Еліміздің тәуелсіздігімен Алаш жетекшілерінің саяси қызметтері мен шығармашылық мұрасы ұлтымыздың баға жетпес қазынасына айналды. Ал олардың өзара қарым-қатынасы мен сыйластығы да керемет үлгі бола алады. Бұл жайларды біле түсу олардың қайраткерлік, адами болмысын байыта түсері сөзсіз. Сол себепті ұлтымыздың нағыз саяси көсемі Әлихан Бөкейханның өзінен 24 жас кіші Мұстафа Шоқайға шынайы қатысын, шынына келгенде, ерекше қамқорлығын арнайы тақырып етіп отырмыз.

Ұлы ұстазының ықпалын Мұстафа Шоқай сонау Ташкенттегі ерлер гимназиясында оқып жүргенде-ақ сезген сияқты. 1939 жылы жазылған «Орыс империализмі хараб болсын!» атты мақаласында: «Әлихан бізге ылғи да: «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бəрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп, үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді» деп жазған еді. Осыдан кейін сол кездегі орыс пен жадит мектептерінде оқып жүргендер бар ынта-ықыласымен «мұғажыр мəселесін» үйренуге кірісіп, мемлекетіміз үшін ең үрейлі қатердің қайдан келе жатқанын түсінген көрінеді. Олар, шынында да, қателескен жоқ. Мұны патшалық Ресейдің отарлық саясаты, соның саяси жалғасындай болған кеңестік билік толық дәлелдеді.

Мұстафа Шоқай Ресей астанасында, арасында Санкт-Петербург университетіндегі оқуы бар, бас-аяғы 6-7 жыл болды. Студент кезінде осындағы түркістандық адвокат Серəлі Лапиннің үйінде бас қосқан жиындарда болған, сол кездегі жастардың түрікшілдік бағыт ұстауын байқаған Əлихан Бөкейхан «өздерін ешқандай сағыммен алдамауын» ескертіп, ұлттық қозғалыста діни жəне жер мəселесіне көңіл аударуды ұсынған көрінеді.

Ал университеттің бір топ студенті, арасында Мұстафа да бар, 1913 жылдан Орынборда шықпақшы болып жатқан тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетіне құттықтау хат жолдаған еді. Онда жастар «Қазақ» газетіне «қадамы қайырлы, бауы берік, өмір жасы ұзақ болып, мақсұтқа жетпегіне тілектестігін» білдіріп, маңызды екі мəселені көтерді. Оның бірі – «Қазақ» газетінің «…біздің мұңды жұртымыздың мұңдасып, бірінің хал-жайын бірі біліп тұруына да жəрдемі аз тимес еді» деген ой. Екіншісі «қаламменен жəрдем беретұғын мұсылманша оқыған құрбыларымыз бір нəрсе жазғанда басқа əріп, фарсы, ноғай қарындастарымыздың (қандастарымыз­дың деген мағынада – Ə.Б.) сөздерін; орысша оқығандарымыз орыс, яки басқа Еуропа жұртының тілдерін орынсыз көп кірістірмей, өзіміздің қазақтың нағыз қара тілімен жазуды» бас редактордың əрқашан назарға алып жүруіне тілек білдірген еді. Бұл материалды түркі тектес халықтың ой-пікір алаңын жіті бақылауда ұстаған әрі «Қазақ» газетінің басты ұйымдастырушысы Əлихан Бөкейханның білмеуі мүмкін емес.

1916 жылы ақпан айында Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясының төрағасы Қ.М.Тевкелев мұсылман халық­тарының көрнекті қоғам қайраткерлерімен арнайы мəжіліс өткізіп, сонда фракцияның саяси платформасы, тактикасы мен оның жанынан кеңесші бюросын құру туралы мəселе қаралады. Бұған Ə.Бөкейхан, С.Жантөрин, А.Байтұрсынұлы қатысады. Осында бюро құрамына қазақ уəлаятынан Əлихан Бөкейхан енеді. Бюрода Түркістаннан бір өкілдің болуы керектігі жəне оған М.Шоқайдың лайық екені туралы мəселе көтеріледі.

1916 жылғы 25 маусымда Дала жəне Түркістан өлкесі мен басқа да отар аймақтардағы «бұратаналарды» «əскер ұрысының аудандарында қорғаныс қондырғыларын салу жəне əскери қатынас» мақсатында реквизициялау туралы орыс патшасы II Николайдың жарлығы шықты. Онда 19 бен 43 жас аралығындағы ер-азаматтардың қару ұстауына сенбей, соғыстың қара жұмысына тарту үшін Түркістан жəне Дала өлкесінен 500 мың адам шақырылды. Бұл қазақ елінің əлеуметтік жағдайын нашарлатып, кедейшілікті күшейте түсті, жұртшылықтың наразылығын асқындырып, шыдамдарын тауысып, атқа отырғызғаны белгілі. Алайда көтеріліс күшпен аяусыз басылады. Осы мəселеге байланысты Əлихан Бөкейханның ұсынысымен аудармашы, хатшы жəне маман зерттеуші ретінде Мұстафа Шоқай кірген Мемлекеттік Дума құрған, Мемлекеттік Думаның жанындағы мұсылман фракциясының төрағасы Қ.Тевкелев жетекшілік еткен, фракция мүшесі Шəкір Мұхамедияров жəне кейін қосылған депутат А.Ф.Керенский бар комиссия 1916 жылғы тамызда Түркістанда, Самарқанд, Əндіжан, Қоқан, Ташкент уездерін жəне кейбір ауылдық жерлерді аралап, жергілікті жағдаймен жақсы танысқан еді.

1917 жылғы «Қазақ» газетінде басылған, Түркістан өңірінен жолданған «Бюроға екінші кісі қою туралы» деген бір топ кісілердің хатында айтылыпты. Олар «былтыр бюроға Əлиханды жұрт қалағанда, ол «Түркістан жағының жай-күйіне аса жетік емеспін, сондықтан Түркістан өлкесінің өзінен бір адам бюрода болуы жөн» деген еді, осыдан кейін біз Мұстафаға хабарласып едік, ол уақытының жоғын, қолының тимейтінін айтқан болатын. Биыл Қ.М.Тевкелевпен келгенінде тағы осы мəселе əңгіме болғанда, қолдан келген қызметтен тартынбаспын депті» дегенін жазған екен. Осы газеттің 1916 жылғы 13 қазанда жарық көрген, «Ғали хан» деп қол қо­йылған «Бюроға екінші адам қою» атты мақалада Мұстафа Шоқайдың бюродағы қарашаның бірінен жұмысқа кірісетіні туралы жазылды. Сонымен Мұстафа Шоқайдың Түркістанға сапары оның Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының бюросына қызметке келуіне игі əсер еткен еді.

Орыс патшасы II Николайдың 1916 жыл­ғы 25 маусымдағы жарлығы шығуы­на байланысты Әлихан Бөкейханов 1917 жылы 15 ақпаннан Минскідегі земство және қала одақтары жанынан ашылған бұратаналар бөлімінің бастығы қызметін атқарып, олардың майданның қара жұмысына алынғандардың жол бойында және барған жерлерінде тиісті медицина көмегін алуы, жалпы жағдайы туралы «Қазақ» газетіне тұрақты жазып тұрады. Бұған Мұстафа Шоқай да тартылған көрінеді. Мысалы, «Жұмысшылар жайынан» атты Петроградтан 29 қазанда жазылған мақалаға Əлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай қол қойып, онда Павлодардан 685 жəне Семейден 463 жұмысшының Петроградта күтіп алынғаны, олардың Псков пен Гатчинаға кеткені туралы, бұларды жіберудегі ел ішінде орын алған əділетсіздіктерді, «елдегі байлар, мүше тістеп жүрген мырзалар туралықтан тайып, малының арқасымен отбасында қалса керек» деп жазған еді. Осындай тақырыппен 15 қарашада жазған мақаласында Мұстафа Шоқай да Павлодар мен Семейден қара жұмысқа тартылған жұмысшылардың жағдайын баяндады.

Əлихан Бөкейхан 1917 жылдың 20 наурызында Уақытша өкіметтің Торғай облысындағы комиссары болып бекуімен Минскідегі өзінің орнына Мұстафа Шоқайды шақыруы оған көрсеткен үлкен сенімі еді. Алайда екі қала арасындағы жол жабық болғаннан кейін, Мұстафа Минскіге бара алмады. Оны басқа тағдыр күтіп тұрды.

1917 жылғы наурыздың соңғы күндерінде Мұстафа Шоқай Ташкенттен жеделхат алады. Онда Ақмешіттен Түркістан өлкелік атқару комитетінің құрылтайына делегат болып сайланғаны, соған Ташкентке шақырылғаны туралы жазылды. Жолда Орынборда өтетін Торғай облысы қазақтарының құрылтайына қатысуы, онда Түркістан туралы сөз сөйлеуі керек еді. Бұл Əлихан Бөкейханның ұсынысы болатын. Содан Мұстафа Шоқай Петербургтен 1-14 сəуір аралығында Орынборға қарай жол тартты. Жолда Орынборда өткен Торғай қазақтарының құрылтайына қатысады. Бұл алдағы жалпы қазақ құрылтайын өткізуге дайындық мəселелерін қараған, көрші облыстардың қазақтары қатысқан ең алғашқы құрылтай болатын, сондықтан оны кейін «Қазақ халқының тұңғыш съезі» деп атап кетті. Мұстафа Шоқайдың мұнда сөз сөйлегені туралы қолымызда ақпарат жоқ. Дегенмен Түркістан аймағы жайын бұл кезде ешкімнен кем білмейтін оның сөз сөйлеуі де мүмкін еді.

Мұстафа Шоқайдың азаттық үшін күресінің алғашқы асуы, жергілікті халықтың саяси, экономикалық жəне рухани дербестікке ұмтылысының нақты көрінісі Түркістан мұқтарияты болғаны белгілі. Оның мемлекеттік құрылымының формасы туралы мәселе шешілерде тікелей тәуелсіздік жөніндегі көпшіліктің пікіріне қарсы болып, Мұстафа Шоқай автономиямен шектелуге қиыншылықпен қол жеткізді. Бұл Әлихан Бөкейхан басшылық жасаған «Алаш» партиясы программасы жобасының ұстанымы болатын. Онда былай делінді: «Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Ресей республикасының федерациялық бір ағзасы болуы».

Мұстафа Шоқай Түркістан мұқтарияты құрылған соң Екінші жалпықазақ құрылтайына қатысты. Онда делегаттарды Түркістанмен бірге болуға шақырады. Бұл мəселе құрылтайдан кейін өткен алғашқы жиналыста арнайы қаралып, қай автономияға қосылу туралы мəселені Сырдария қазақтарының өздері шешсін деп тапты. Өзі барынша сыйлайтын Əлихан Бөкейхан мәселені жан-жақты түсіндіріп, оны асықпай бірте-бірте шешудің қажеттігін байыптап айтқан соң, Мұстафа Шоқай ұстазының аталы сөзіне тоқтады. Содан әңгіме тек Сырдария облысы туралы болады да, Əлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай Сырдария облысы қазақтарының құрылта­йын шақыру туралы жеделхатқа бірге қол қойып, қалың қазақтың тұтастығын сақтауды ойлады. Мұстафа Шоқай да «Бірлік туы», «Қазақ» газеттерінде Сыр­дария қазақтарына үндеу жариялап, онда «Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айырылсақ, мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешіктірмей Алаш туының астында жиналар деген үміттеміз» деп жазған еді. Алайда Сырдария құрылтайы сол кезде қалыптасқан əртүрлі саяси жағдайды ескеріп, əзірше Сырдария облысы Түркістан автономиясы құрамында қалсын деген шешім қабылдайды.

Орынбордағы Екінші бүкіл­қазақ құрылтайында Мұстафа Шоқайдың Алашорда ұлт ке­ңе­сінің жəне үкіметінің құрамына кіріп, Сыртқы істер министрі болып сайлануы, бір жағынан, Алаш­орда мен Түркістан үкі­метінің тұтастығын көрсетсе, екінші жағынан, отызға да тола қоймаған жасқа көрсетілген зор құрмет болатын. Меніңше, бұл да Әлихан Бөкейханның ұсынысы.

Кеңестік жүйе Түркістан мұқта­риятын құлатып, басшыларын тұтқынға алып, өзін ұстап бергенге 1000 сом тігілгеннен соң, Мұстафа Шоқай түрлі жағдаймен Уфаға жетіп, қыркүйек айының бірнеше күндері Түркістан автономиялық үкіметінің өкілі ретінде осында өткен мемлекеттік жиналыс­тың отырыс­тарына қатысады. Онда құрылтай жи­на­лысының мұсылмандар мүшесі, Түркістан және Башқұртстан автономиялы үкіметтері, Ресей және Сібір ішкі түрік-татар ұлттық басқармалары және Алаш үкіметі атынан Әлихан Бөкейхан да қатысып, сөз сөйлейді. Ол Ақпан революциясына дейін Ресейде патша өкіметінің шексіз билігі болғанын, ал Ақпан революция­сы бізге халық билігін береміз және орыс зиялы қауымының жүз жылдық идеалын жүзеге асырамыз деп уәде жасады. Бірақ бүкіл демократиялық Ресейдің арманы тәрізді біздің арманымыз да, бүкілресейлік құрылтай жиналысымен еркін, жалпыға ортақ сайлау құқығымен жүзеге асырылады деген сенім де тас-талқан болды. Билікті Ресей республикасында пролетариат диктатурасын орнатамыз деген демагогтар басып алды. Енді Ресей республикасы ешқандай өкіметі жоқ толық анархиялық, күйреген елге айналды деді. Мемлекеттік жиналыста Мұстафа Шоқай да кеңес өкіметіне оппозициялық ұстанымдағы, көзқарастары жағынан әртүрлі деңгейдегі тұлғалармен жолы­ғады, тілдеседі, пікір алысады, олардың мақсат-мүддесімен танысады. Отырыстарда бірнеше рет ұсыныс жасап, белсенділік танытады.

Рахатынан азабы, қуанышы­нан қайғысы мол шетелде жүріп, Мұстафа Шоқай өзіне ылғи қам­қорлық жасаған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының басшыларын аса жоғары бағалап, оларды ұлт зиялыларының көшбасшы­лары, ұлы тұлғалар деп сан рет еске алып, аға тұтып ардақтап, құрмет көрсетіп, оларға көлеңке түсіруге тырысқандармен күреске бар күш-жігерін салды. Кеңестік жүйе ең бірінші Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханға тиіскені белгілі. Неше түрлі жала жабылды.

1926 жылдың 7 қаңтарында Париждегі эмигрант, кешегі Уақытша үкімет басшысы А.Ф.Керенскийдің «Дни» атты апталық газетінде жарияланған «Ояну» («Пробуждение») атты мақаласында Мұстафа Шоқай қырғыз («қазақ») еліндегі ашаршылыққа Алаш басшыларының ұйымдас­тырған көмектерін кеңес билігі өз абыройын төгіп алмау үшін әрі оны қауіпті санап, тыйым салғанын айта келіп, былай деп жазды: «Бөкейханов пен Байтұрсыновтың қырғыз халқының жауы деген ақылсыз және жаман ой тек қылмыстық фанаттар мен жылы жерлерді іздеушілердің басына түсуі мүмкін». Ал 1931 жылы жазылған «Ұлттық зиялы жөнінде» деген мақаласында Əлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлын «атамекенімізді қара түнектен жарық дүниеге алып шығу жолында ұмытылмас қызметтер көрсеткен қоғам қайраткерлері» деп жазды.

Сөз соңында энциклопедия­лық бі­лімдарлар, берісі қазақ ұлтының, әрісі Ресей отаршылдығының азабын шегіп отырған түркі тектес халықтардың азаттығы мен тəуелсіздігі үшін күрес­кен, осы жолда бар ақыл-парасатын, қажыр-қайратын еш аямаған, ғұмырын да құрбан еткен Алаш ұлт-азаттық қозғалысының бас­ты жетекшісі Əлихан Бөкейхан мен осы қозғалыстың оңтүстік қанатының басшысы Мұстафа Шоқай саяси күрес кеңістігінде осылай кемеңгерлік қарым-­қатынастың өшпес өнегесін көрсетті дегеніміз келеді.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдар докторы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button