Ел тынысы

Ел мектептерінде педагог тапшылығы жойылды

Қазақстан мектептерінде педагог тапшылығы жойылды — биылғы оқу жылында 14 мыңға жуық мұғалім жұмысқа қабылданды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарында педагогтер саны 412 мыңға жетті, бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 14 мыңға көбейгенін көрсетеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы – ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы мәлімдеді.

Педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша ең жоғары көрсеткіш Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында тіркелді. Сонымен қатар, жас мамандар легі де артып келеді – кадр қажеттілігі педагогикалық жоғары оқу орындарын жаңадан бітірген түлектер есебінен де қамтамасыз етілуде.

«Педагогтар санының артуы еліміздің орта білім беру жүйесіндегі кадр тапшылығын жоюға мүмкіндік берді. Бүгінде еліміздегі мұғалімдердің 73%-ы жоғары біліктілік санатына ие — бұл кәсібилік пен білім сапасының маңызды көрсеткіші», — деді Мереке Амангелдіқызы.

Сондай-ақ ол педагогтерге қолдау көрсету — мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін еске салды. Президенттің бастамасымен биыл алғаш рет бірден екі мұғалімге «Еңбек Ері» атағы берілді. Тағы 36 мұғалім мемлекеттік наградалармен марапатталып, 64-і «Үздік педагог» деп танылды. Олардың барлығы мемлекеттен 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде — 3,5 миллион теңгеден астам сыйақы алды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button