Ел тынысы

Ел болашағының бастауы

Астана қаласында ҚР Ұлттық музейінің Ғылыми кітапхана залында «Егемендік – ел болашағының бастауы» атты дөңгелек үстел өтті. Республика күні мен Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған жиынды Геральдикалық зерттеулер орталығы ұйымдастырды.

Егемендіктің тарихи мәні мен құқықтық негіздерін кеңінен насихаттау, ұлттық рәміздердің идеологиялық әрі рухани маңызын айқындау және ел азаматтарының бойында патриоттық рухты нығайту мақсатында өткен іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Мониторинг және мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Ибраим Бабаев ашып, егемендік декларациясының Қазақстан мемлекеттілігінің құқықтық негізін қалыптастырған тарихи шешім болғанын атап өтті. Ол егемендік ұғымының ұлттық санамызда тәуелсіздікке ұмтылған халықтың асқақ арманын айқындайтын құндылық екенін және қазіргі ұрпақ үшін оның тарихи маңызы әрқашан биік екенін айтты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков мемлекеттік рәміздердің жасалу тарихын баяндап, егемендік декларациясының қабылдануы ұлттық идеологияның рухани өзегіне айналғанын ерекше атап өтті. «Республика күні – мен үшін өте қуанышты күн. Қазақстан – бақытты ел. Мемлекетіміз бүгінде әлемге танылды. Жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп, ауқымды жоба-жоспарлар жүзеге асырылуда. Ел дамуындағы оң өзгерістерге куәміз. Мұның бәрі – іргелі бастамалардың нәтижесі. Ел мәртебесінің арта беретініне сенімдімін» деді Жандарбек Мәлібекұлы.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан құжаттың саяси-құқықтық салмағына тоқталып, оның Қазақстанды әлемдік қауымдастық мойындаған дербес мемлекет ретінде танылуына жол ашқанын айтты. Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов егемендік декларациясының қабылдану кезеңіне шолу жасап, оның тек саяси құжат қана емес, ұлттық сананы оятқан азаматтық батылдықтың айқын көрінісі екенін атап өтті. Тарихшы-ғалым, геральдист Айдын Рысбекұлы ұлттық геральдиканың даму жолы мен егемендік декларациясының идео­логиялық маңызы туралы тың деректер ұсынып, рәміздердің ел бірлігін нығайтудағы рөлі туралы ойын ортаға салды.

Іс-шара барысында Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталып, мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға және ұлттық құндылықтарды насихаттау­ға ерекше үлес қосқан тұлғалар марапатталды.

Мәрлен ҒИЛЫМХАН

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button