Ел аумағында 90 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде
ҚР Оқу-ағарту министрлігі апатты, үшауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Биыл 47 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 жаңа мектеп салу жоспарлануда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жаңа оқушы орындарын пайдалануға беру Арнайы мемлекеттік қор қаражаты, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар тарту есебінен жүзеге асырылады.
Жаңа мектептердің басым бөлігі Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында салынуда.Қосымша химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет жабдықталады.
онымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу үшін 2029 жылға дейін 1300 мектепті, оның ішінде ауылдық жерлердегі 900 мектепті реновациялау жүзеге асырылуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 209 мектепте жұмыстар аяқталды, ал биыл тағы 98 мектепте реновация жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 236 мыңға жуық оқушы орнына арналған 162 мектептің құрылысы аяқталды. Жалпы соңғы үш жылда 746 мың оқушы орнына арналған 584 мектеп пайдалануға берілді.



