Экология қауіпсіздігін талқылады

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің бастамасымен, «Белсенді азамат» қоғамдық қоры және қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен елорданың экологиялық саясатын жетілдіруге арналған диалог алаңы өтті. Шара «Елорда экологиялық қауіпсіздігі: нақты шешімдер үшін ынтымақтастық» тақырыбына арналды.
Қоғамдық кеңес мүшелері экологиялық саясаттың тиімділігін арттыру үшін құрылыс, көлік, энергетика және сәулет салалары арасында үйлесімді өзара іс-қимыл орнатудың маңызын айтты. Осы мақсатта ведомствоаралық үйлестіру тетігін Қоғамдық кеңес қатысуымен құру ұсынылды. Қатысушылар экологиялық талаптарды тендерлік құжаттамаға енгізуді, қалдық полигонын жаңғыртуды және екінші шикізатты ел ішінде өңдеуді дамыту қажет екенін атап өтті. Сонымен бірге мектептер мен балабақшаларда «Мектептен қалаға дейінгі сұрыптау» атты қанатқақты бағдарламаны іске қосуды ұсынды.
Қыс мезгілінде ауа сапасының күрт нашарлауы басты мәселе ретінде көтерілді. Қалада экологиялық бақылау датчиктерінің саны тым аз. Бар болғаны 10-ға жуық, ал Алматыда 200-ден астам. Сондықтан жасанды интеллект негізінде бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесін құру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ жеке секторды газбен жылытуға кезең-кезеңімен көшіру, қоғамдық көлікті газ және электр энергиясына бейімдеу, велосипед, каршеринг сияқты экологиялық көлік түрлерін қолдау ұсынылды.
Диалог қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдар қала әкімдігі мен тиісті басқармаларға жолданып, алдағы табиғатты қорғау іс-шараларын жоспарлау кезінде ескерілмек.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ