Айтпайын-ақ деп едім!

«Екінші» болған тілім-ай…

Біз әдетте «тілім!» деп ұрандатқанда тау қопарып, тас жарамыз. Бірақ айналамыз тас керең. «Қазақстанда мемлекеттік тіл туралы заңда…» деп терең тыныстап, тепсініп сөйлесек, қара жер қақ айырылардай болады. Бірақ..

Әрине, өз елінде жүрген соң, өз тілінің мәртебесін қорғаған адамды түсінбеске де хақыңыз жоқ. Бірақ сол тілдің мәртебесі нақты неге байланысты айқындалып тұрады? Оны тек айқай-шумен ғана реттеу керек пе?

Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесі бірінші ме, әлде екінші ме деп тәжікелесудің өзі ерсі емес пе? Иә, сіз мұндайда Тіл туралы заңды алға тартарсыз. Ондағы баптарды байыппен тізіп, ережелерді ежіктерсіз. Бірақ ол заң өзін бұзған адамдарға үстемдігін жүргізе алмай тұрса не қайыр? Ең қызығы, оған дәлел алыстан емес, елорданың қақ ортасынан табылды. Анау-мынау емес, Астананың қақ төрінде, Бәйтеректің түбінде, депутаттар тұратын «Нұрсая-1» тұрғын үй кешенінде «Второй» деген дәмхана ашылмақ. Алыстан көрсең, «Второй» деген аты көзге ұрып тұр. Жарты шақырым жерден жарқырап көрінеді. Жанына келіп шалқайып қарасаң, астыңғы бүйірінен «Екінші» деген жазуды оқисыз. Қазір іші-сыртын жөндеп, дайындап жатыр. Бұйырса, кісі қалың келетін үлкен мейрамхана болмақ.

Бір көргенде атауына қарап адамның немесе тағамның құрметіне қойылған ба деп те бас қатырасың. Бірінші орынға жарқыратып орысша атауын, астына елеусіздеу етіп қазақшасын да жазып қойыпты. Жә, сонда енді сол мейрамхананың алдына барып тұрып, Тіл туралы заңды кімге, қалай түсіндіресіз? Айтсаңыз, иесі сізге бір жөткірініп алады да, байыппен: «Мен қазақ тілін орнымен қолданып тұрмын» деп жауап береді.

Бұл сонда қоғам мен тұтынушы сұранысына сай жасалған қадам болғаны ма? Түсініксіз…

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button