Қоғам

Екі буын өкілдері Абай мұрасын ұлықтады

«Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында елордадағы №73 мектеп-лицейде екі буын өкілдерінің тағылымды кездесуі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бастамасымен ұйымдастырылған бұл кездесудің құрметті қонағы – ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ұрпағы, ардагер ұстаз Сырғакүл Дүтбаева болды.

Сырғакүл Дүтбаева – Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған қызы Күлбадан Абайқызының ұрпағы, яғни Абайдың жиен келіні, Дүтбайдың келіні ретінде ұлы тұлғаның жолын жалғап жүрген жан. Ол Абайдың мұрасын көпшілікке насихаттап, ұмыт бола бастаған әндері мен өлеңдерін, рухани қазынасын өскелең ұрпаққа жеткізіп жүрген зиялы тұлға.

Бүгінде С. Дүтбаева Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының белсенді мүшесі. 2022 жылдан бастап би және домбыра үйірмелеріне қатысып, мәдени-музыкалық және зияткерлік іс-шаралардың бел ортасында жүр. Ол Абай мұрасын насихаттаумен қатар, өзінің шығармашылығымен де айналысып келеді. Өнерлі зейнеткерлерден құрылған «Асыл мұра» домбыра ансамблі мен «Бәйтерек» вокалды үйірмесінің өнерпазы.

Мәдени шара барысында қатысушылар Абайдың әндерін орындап, өлеңдерін оқыды, тіл мамандары Абайдың шығармалары мен өмір жолы туралы мол мағлұмат берді. Кездесу мектептегі «Тілім менің – ғасырларға аманат» атты қазақ тілінің онкүндігі аясында өтті. Кеш соңында мектеп директоры Гүлшат Калтаева қонақтарға алғысын білдіріп, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтарын табыс етті.

«Бүгін мектебімізде тағылымы мол шара өтті. Мектеп оқушылары Абайдың ұрпағымен қауышып отыр. Зейнеткерлікке шықса да, қоғам өміріне белсене араласып, шығармашылықтан қол үзбеген апаларыңыздың игі істері оқушыларға үлгі болды деп айта аламын. Сырғакүл Дүтбаеваның естелік әңгімелері арқылы Абайдың өшпес мұрасынан ғибрат алдық» — деп пікір білдірді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сандуғаш Сегізбаева. Іс-шара Абай шығармаларын дәріптеу, рухани мұрасын ұлықтау және аға буынның тәрбиелік тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізу мақсатында өтті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button