Басты ақпаратЕл тынысыСараптама

Ебімен егіп егінді, еселеп ал өнімді

Қазақстан – ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары мемлекеттердің бірі. Егіс алқабы мен жайылымдық жер көлемі бойынша әлемде 6-орында тұрған еліміз бидай экспорттайтын жетекші 10 мемлекеттің қатарына кіреді, ұн экспорты да жыл сайын артып келеді. Биылғы жыл отандық агроөнеркәсіп кешені үшін ерекше нәтижелі жыл болды: 26,7 миллион тонна дақыл жиналып, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Бұл жетістік Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, халықаралық нарықтағы беделін де арттыра түсті.

Дегенмен, бұл көр­сеткіштер Қазақстанның ауыл шаруа­шылығы өндірісі толыққанды өркендеп, саладағы барлық түйткілді мәселелер түбегейлі шешілді дегенді білдірмейді. Салада әлі де өнімділікті арттыру, технологиялық жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану және фермерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру секілді өзекті міндеттер сақталуда. Оның үстіне, халқымыздың 40 пайызы ауылда тұратындықтан Агроөнеркәсіп кешені бүкіл елдің, әсіресе, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Осы мәселеге баса назар аударған Президент жақында «Түркістан газетіне» сұхбат берген кезде ауыл шаруашылығын дамытудың маңызына тоқтала келіп «Қазақстанда 2024 жылы 580 миллиард теңге, былтыр 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Соңғы он жылда шаруаларға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артты, бірақ оның тиімділігі күмән тудырады. 2015-2024 жылдары ауыл шаруа­шылығындағы жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өсті. Бұл көрсеткішті одан да көбейтуге болар еді» деген                 болатын.

Бұл арада мәселенің түп-төркіні бірнеше фактор­ға тіреледі. Ең алдымен, қар­жылық қолдаудың басым бөлігі өндірістің түпкі тиімділігін арттыруға емес, ағымдағы шығындарды жабуға бағытталып отыр. Субсидиялар мен жеңілде­тілген несиелер көбіне өнім көлемін сақтап қалуға көмектескенімен, еңбек өнімділігін, технология­лық деңгей мен қосылған құнды жүйелі түрде өсіре алмады. Екіншіден, саладағы басқару мен жоспарлау мәселесі өзекті. Қолдау тетіктері жиі өзгеріп, ұзақ­мерзімді стратегияның болмауы фермерлердің инвес­тициялық шешім қабылдауына кедергі келтіреді. Бұған қоса, қаржының бір бөлігі шынайы өндірушіге емес, делдал құрылымдар арқылы тиімсіз жұмсалып жатқан жағдай да жоқ емес. Үшіншіден, инфрақұрылым мен технология мәселесі шешімін толық таппаған. Суару жүйелерінің кемелсіз әрі әлсіздігі, логистиканың әлсіздігі, сақтау және өңдеу қуаттарының жеткіліксіздігі өндірілген өнімнің бір бөлігінің ысырап болуына әкеледі. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы шикізат күйінде сатылып, жоғары табыс әкелетін өңделген өнім үлесі төмен болып отыр.

Сондай-ақ кадр тапшы­лығы, аграрлық ғылым мен тәжірибе арасындағы алшақтық, климаттық тәуекелдердің күшеюі де саланың қарқынды дамуына тежеу болып отыр. Осы факторлардың жиынтығы Қазақстанда ауыл шаруашылығының әлеуеті толық ашылмай, даму қарқынының баяулауына себеп болуда.

Президент сұхбатында «егін шаруашылығындағы нәтижелер өте жақсы болды. Астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетті, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейе түсті. Бұл – егіннің шығымдылығы мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған шаралардың нақты нәтижесі» деп атап өткенімен, саланың шешімін күткен мәселелері аз емес. Өйткені рекордтық өнім мен экспорттың өсуі көбіне қолайлы ауа райы, егіс алқаптарының кеңдігі және экс­тенсивті өсімнің есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Ал ұзақмерзімді әрі тұрақты даму үшін ішкі құрылымдық түйткілдерді шешу қажет.

Біріншіден, өнімділік мәселесі әлі де өзекті. Қазақстанда бір гектардан алы­натын өнім көлемі дамыған аграрлық елдермен салыс­тырғанда төмен. Бұл тұқым сапасының әркелкілігіне, тыңайтқышты жеткіліксіз қолдануға және агротехнологиялардың толық енгізілмеуіне байланысты.

Екіншіден, су ресурстарын басқару мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Суару инфрақұрылымының тозуы, су үнемдеу технологияларының баяу енгізілуі және трансшекаралық су тәуел­ділігі егін шаруашылығының тәуекелін арттырады. Әсіресе оңтүстік өңірлерде су тапшылығы жыл сайын ушығып келеді.

Үшіншіден, климаттық өзгерістерге бейімделу деңгейі төмен. Қуаңшылық, температураның тұрақсыздығы және топырақтың құнарсыз­дануы жиілеп барады. Топырақ құнарлылығының төмендеуі егіннің тұрақты шығымына кері әсерін тигізуде.

Төртіншіден, сақтандыру және тәуекелдерді басқару тетіктері жеткілікті дамымаған. Көптеген шаруалар табиғи апаттар кезінде шығынды өтей алмай қалады, бұл олардың қаржылық тұрақтылығын әлсіретеді.

Бесіншіден, сақтау, өңдеу және логистика мәселесі шешілмей отыр. Астық, көк­өніс қоймаларының же­тіспеуі, тасымал құнының жоғары болуы және экспорттық бағыттардағы инфрақұрылымның әлсіздігі өнімнің өзіндік құнын өсіріп, фермер табысын шектейді.

Сондай-ақ салада цифрландыру деңгейі әлі де төмен, аграрлық ғылым жетістіктері өндірісте жеткілікті қолданылмайды, ал шағын және орта шаруашылықтардың нарыққа тікелей шығу мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан егін шаруашылығындағы бүгінгі табыстарды сақтап қалу үшін тек көлемге емес, тиімділікке, технологияға және тұрақты дамуға басымдық беру қажет.

Қорыта айтқанда, Қазақ­стан ауыл шаруашылығында, әсіресе егін шаруашылығы саласында айтарлықтай нә­тижелерге қол жеткізіп отыр. Рекордтық өнім, астық пен ұн экспортының артуы және сыртқы нарықтағы позиция­ның нығаюы қабылданған шаралардың белгілі бір деңгейде тиімді болғанын көрсетеді. Алайда бұл жетістіктер саланың барлық мәселесі шешілді дегенді білдірмейді. Сондықтан алдағы кезеңде басты басымдық қаржы көлемін арттыруда емес, оның тиімділігін күшейтуде болуы тиіс. Ғылымға негізделген агротехнология­ларды енгізу, су мен жер ресурс­тарын ұтымды пайдалану, өңдеу саласын дамыту және фермерлердің жауапкершілігін арттыру арқылы ғана Қазақстан ауыл шаруа­шылығын тұрақты әрі бәсекеге қабілетті деңгейге көтере алады.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button