Дженнифер Лопестің концертіне байланысты үндеу жасалды

1 тамыз күні елордадағы «Астана Арена» стадионында әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концерті өтеді. Ірі мәдени шараға 25 мыңға жуық адам жиналады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Концертті ұйымдастырушылардың бірі Мәлік Хасенов Instagram парақшасындағы stories бөлімінде тыңдармандарға арнайы үндеу жасап, стадионға ертерек келуге кеңес берді.
Біз мұндай деңгейдегі концертті алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Сондықтан стадионға кіру уақыты – өте өзекті мәселе. Егер 25 000 адам бір уақытта, яғни сағат 19:00-де келсе, «Астана Арена» маңындағы кіреберістер мұнша адамның тез әрі ыңғайлы өтуіне мүмкіндік бермейді. Осы себепті стадион есіктері сағат 16:30-да ашылады. Әр адамның тексеру мен өту процесі белгілі бір уақыт алады. Бұл жалпы көрермен санына көбейтілгенде, шамамен үш сағатты құрайды. Сол себепті ертерек келулеріңізді сұраймын, – деді ұйымдастырушы.
Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласы әкімдігі 1 тамыз күні концертке байланысты «Астана Арена» айналасында көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылатынын хабарлаған болатын.