Дубайдан Гран-Примен оралды

10-14 сәуір аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында IV халықаралық «Dubai Grand Festival» байқау-фестивалі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Дүбірлі додаға Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей елдерінен жиналған өнер ұжымдары қатысты. Олар бірнеше күн бойы Дубай музыкалық академиясында үш аталым: «Хореография», «Инструменталды өнер» және «Вокал» жанрлары бойынша сайыстың көрігін қыздырды. Байқауға қатысуышлардың өнерін халықаралық қазылар алқасы, өз саласының кәсіби мамандары: жетекші университет профессорлары, шығармашылық мектеп педагогтары бағалады. Жарыс нәтижесінде Астана мен Қарағандының өнер шеберлерінен құралған «Шолпан» үлгілі хореографиялық ансамблі байқау-фестивальдің Гран-Приін олжалады. Олар жарыста «Тойбастар», «Подводный мир» деген билерді өте жоғары деңгейде орындады. «Шолпан» ансамблі бұған дейін 70-тен аса халықаралық және республикалық байқауларда жеңімпаз болған ұжым. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі және балетмейстері – Гүлнар Омарова. Бишілерді дайындаған жетекшілері – Айжан Жұмағұлова, Гүлстан Ордабаева, Жанар Әбішева, Толғанай Қосшығұлова, Медина Ерімбетовалар.