Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы ЕҰУ-да дәріс оқыды

Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы, Мұсылман ғұламалар ұйымының төрағасы және Ислам университеттері қауымдастығының президенті шейх Мухаммед бен Абдулкарим Әл-Иса студенттер мен оқытушылар қауымына дәріс оқыды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараны ЕҰУ ректоры, академик Ерлан Сыдықов ашып, мәртебелі мейманды таныстырып, Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысу барысында университетке арнайы келгені үшін алғысын білдірді.
– Сіздің өркениетаралық диалогты нығайтуға, бейбітшілік пен толеранттылықты насихаттауға қосқан үлесіңіз зор. Мұндай тұлғаның университетімізде дәріс оқуы – үлкен мәртебе, – деді Ерлан Сыдықов.
Өз кезегінде шейх Мухаммед бен Абдулкарим Әл-Иса университет басшылығына алғыс айтып, ЕҰУ қабырғасында болу – өзі үшін зор құрмет екенін атап өтті.
– Қазақстан – көркем ел. Бұл сапар барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездестім. Бүгінгі академиялық ортадағы жүздесуім де – ерекше. Еуразия ұлттық университетінің болашағы зор екеніне сенемін, – деді мәртебелі мейман.
Дәріс барысында Бас хатшы исламдағы білім мен ғылымның маңызына тоқталып, шынайы ниет пен адалдықтың мұсылман адам үшін негізгі өлшем екенін айтты.
– Әлемді өзгерту үшін алдымен адам өзін өзгертуі тиіс, – деді ол.
Сондай-ақ, ол қазіргі әлемдегі діни қақтығыстар мен өзара түсініспеушіліктерге назар аударып, Қазақстанның дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықты үлгі етіп отырғанын жоғары бағалады.
– Қазақстан – толеранттылықтың тірегі. Көп ұлтты, көп конфессиялы қоғамда бейбіт өмір сүріп отырған бұл ел – бүкіл әлемге үлгі, – деді шейх Әл-Иса.
Сонымен қатар ол Қазақстанның тарихы мен рухани мұрасын, мұсылман ғылымының дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Кездесу соңында студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген мәртебелі мейманға ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов мазмұнды дәрісі үшін алғыс айтып, университеттің Ғылыми кеңесі шешімімен «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Құрметті профессоры» дипломын табыстады.
Шейх Мухаммед бен Абдулкарим Әл-Иса бұл марапатты зор ризашылықпен қабыл алып, таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталғанын, ал бүгін ЕҰУ-дан құрметке ие болғанын ерекше атап өтті.