Мәселе

Дрондардан қандай қауіп бар?

Қазіргі уақытта ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) азаматтық салада белсенді қолданылып жатыр және тауарларды жеткізу, әуе такси секілді бағыттарда үлкен әлеуетке ие. Бұл бағыт, сөзсіз, қазіргі заманның жаңа нанотехнологияларының, жасанды интеллектінің және инклюзивті қоғамның дамуымен тығыз байланысты болғандықтан дамуы тиіс.

Алайда мұндай технологиялардың бейбіт мақсаттан шығып, қылмыскерлердің қолына қару боп түсу қаупі бар. Кез келген көпшілік шарада – концерт, футбол матчы немесе шоу кезінде халықтың үстінде қалықтап жүрген «ойыншық» дронның ішінде қауіп жасырынуы мүмкін екенін елестетіп көріңіз. Ондай жағдайда мыңдаған көрерменді эвакуациялау мүмкін болмай қалады, ал салдары орны толмас апатқа әкелуі мүмкін. Сондықтан дрондарды өндіру, сақтау және пайдалану жүйелерін лицензиялаумен және есепке алумен қатар, бұл саланы қатаң реттеу – аса маңызды әрі кезек күттірмейтін мәселе.

Халықаралық қауымдастық та ұшқышсыз ­аппараттарды мақсатсыз пайдаланудың алдын алу үшін белсенді шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, АҚШ-та 250 грамнан асатын әрбір дронда Remote ID жүйесі бар: ол дронның сериялық нөмірін, координатасын және оператор туралы мәліметті онлайн түрде таратады. Сонымен қатар АҚШ билігі мемлекеттік органдардың рұқсатсыз дрондарды анықтау мүмкіндігін кеңейтуді және сертификатталған өндірісті ынталандыруды қолға алған. Осындай алдын алу шаралары – дрон тү­йіндерінің цифрлық таңбалануы, ұшу деректерін жазатын «қара жәшіктердің» енгізілуі – Еуропа Одағы, Ұлыбритания, Австралия мен Канадада қабылданып жатыр.

Қазақстанда 250 грамнан асатын, камера немесе сенсормен жабдықталған дрондарды есепке қою міндетті екені анық. Сондай-ақ дрондарды пайдалану бойынша бірқатар шектеу бар. Алайда іс жүзінде бұл шаралар тиімді жұмыс істемейді. Кез келген ойыншықтар немесе технологиялық дүкеннен салмағы 15 килограмға дейінгі дронды еш кедергісіз сатып алуға болады. Яғни қазіргі реттеу тетіктері қарқынды өзгеріп жатқан шынайылыққа толық сәйкес келмейді.

Remote ID жүйесінің жоғы, шағын дрондарға бақылаудың әлсіздігі, өндірушілерге лицензия берудің міндетті болмауы дрондарды заңсыз құрас­тыру мен қолдану үшін қолайлы жағдай туғызып отыр. Жасанды интеллектінің дамуы нәтижесінде кез келген дронды адамның қатысуынсыз-ақ белгілі бір заңсыз әрекеттерге бағыттап, автоматтан­дырылған түрде қолдануға болады.

Қауіптің алдын алып, азаматтардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мақсатында мынадай нақты іс-шараларды қолға алуды ұсынамын:

1) 250 грамнан асатын барлық дронға Remote ID жүйесін енгізу.

2) Ұшу тарихын есепке алуды кеңейту үшін «қара жәшіктерді» енгізу мен деректерді беру және өңдеу жүйесін дамыту.

3) Дрон өндірушілерге лицензия беруді енгізу және негізгі құрамдас бөліктерді міндетті түрде бірегей таңбалаумен қамтамасыз ету.

4) Дрондарды заңсыз құрастыру мен қолдану бойынша әкімшілік және қылмыстық жауап­кершілікті күшейту.

Дер кезінде қабылданатын теңгерімді іс-шаралар азаматтарымыздың қауіпсіздігін едәуір арттырып, қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.

 Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,

Мәжіліс депутаты

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button