Басты ақпаратЕл тынысы

Достықтың жаңа парағы ашылды

Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейн ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы Иордания Королін Астана әуежайынан қарсы алды.

Ынтымақтастықты дамытуды талқылады

Ақордада елімізге ресми сапармен келген Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейнді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен ІІ Абдалла бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Содан соң Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары келіссөз өтетін залға барды.

Қазақстан Президенті Астанаға шақыруын қабыл алғаны үшін Корольге алғыс айтып, жыл басында Амманға жасаған сапарын ықыласпен еске алды. «Ұлы Мәртебелі, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің ресми сапарыңыз біз үшін зор мәртебе. Бұл Сіздің елімізге алғашқы келуіңіз емес. Қазақстанның қазіргі өркендеу жолына жіті назар бөліп отырасыз. Екіжақты күн тәртібінде жүзеге асырылуға тиіс бірқатар мәселе бар. Кеше екі ел арасындағы қарым-қатынастарға, сондай-ақ халық­аралық күн тәртібіне қатысты мазмұнды әңгіме өрбіттік. Сіздің жаһандағы жағдайды жетік түсінетініңізге өте ризамын. Бүгін де пікір алмасуды жалғастыруға мүмкіндігіміз мол. Иордания мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық табысты дамып келеді. Дегенмен тиісті деңгейде талқылауды қажет ететін мәселелер де жоқ емес» деді Президент.

ІІ Абдалла екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, сауда-­экономикалық ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін растады. «Жоғары Мәртебелі, қымбатты бауырым, жылы сөзіңізге және құрмет көрсетіп қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Бұл сапар Сіздің осыдан бірнеше ай бұрын менің еліме жасаған табысты сапарыңыздың жалғасы іспетті. Қазақстан маған өте жақын. Мұнда келген сайын Сіздің басшылығыңызбен еліңіз жүйелі түрде өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, таңғаламын. Өзіңіз атап өткендей, кеше екі ел арасындағы ынтымақтастықты түрлі салада дамыту бойынша пікір алмастық. Менің бүгінгі сапарым Қазақстан мен Иордания арасындағы берік достыққа құрылған тарихтың жаңа парағын ашатынына сенімдімін» деді Иордания Королі.

Серіктестікті кеңейтуге негіз қаланды

Қазақстан Президенті мен Иордания Королі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн келіссөзді екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғастырды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Иорданиямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді. «Екіжақты қарым-қатынасты дамытуға деген шынайы ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің салиқалы әрі сарабдал көшбасшылығыңызды, сондай-ақ аймақтағы және әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ерекше рөліңізді атап өткім келеді. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Иордания Таяу Шығыстағы тұрақтылық мекеніне айналды. Диалог пен ықпалдастықты басты бағдар ретінде ұстануыңыздың нәтижесінде Корольдіктің халықаралық аренадағы абырой-беделі артты. Биыл ақпан айында Қазақстан Президенті ретінде Иордания Хашимит Корольдігіне жасаған бірінші ресми сапарымды ерекше ықыласпен еске аламын. Бүгінгі сапар екіжақты қатынастарға тың серпін беріп, ынтымақтас­тығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Иорданияны саяси және экономикалық тұрғыдағы ортақ мүдде ғана емес, дін, толеранттылық дәстүрі және өзара құрмет секілді ғасырлар бойғы құндылықтар біріктіреді. Екі ел әлемге сан алуан мәдениет пен конфессия­дағы халықтардың тату-тәтті өмір сүріп, адамзат дамуына үлес қоса алатынын көрсетті.

Король ІІ Абдалла қос мемлекеттің достығын жоғары бағалайтынын атап өтті. «Бүгінгі сапар түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және екіжақты байланыстарды тереңдетуге тараптардың мүдделі екенін растайды. Бұған дейінгі келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісім мен меморандумға қол қойылды. Бүгінгі уағдаластықтар, сондай-ақ оны табысты іске асыру елдеріміздің арасындағы серіктестікті кеңейтуге берік негіз қалайтынына сенімдімін» деді Иордания Королі.

Иорданияға 60 түрлі өнімді экспорттаймыз

Қасым-Жомарт Тоқаев ­Аммандағы кездесу барысында тараптар тауар айналымын 500 миллион долларға дейін ұлғайтуға уағдаласқанын еске салды. Қазақстан Иордания нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 өнім түрін экспорттауға дайын. Президент «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен Иордания уран өндіруші компания­сының (JUMCO) атом өнеркәсібін дамыту саласындағы ынтымақтастығына қолдау білдірді. Президент Иордания делегациясына еліміздің халықаралық көлік-логистика желісін кеңейту бастамалары туралы мәлімет беріп, Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасында интермодальді жүк тасымалын бірлесе өркендету мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор.

Өз кезегінде Иордания тарапы медицина, фармацевтика, халал индустриясы және қорғаныс өнеркәсібі бағытындағы тәжірибесімен бөлісуге ниетті. Сонымен қатар Royal Jordanian әуе компаниясы келесі жылы Амман мен Алматы арасында тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл қадам екі елдің азаматтары мен іскерлік ортасының байланыстарын жандандырады. Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде бірлес­кен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізіп, университеттер арасында серіктестік орнатуға қызығушылық танытты.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн жүргізген келіссөздерден кейін екі ел делегацияларының мүшелері қол қойылған үкіметаралық және коммерциялық құжаттармен алмасты.

«Әл-Нахда» орденімен наградтады

Иордания Королі ІІ Абдалла Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаевқа Иордан Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденін тапсырды. Король Мемлекет басшысының Иордания мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту ісіне елеулі үлес қосқанын атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корольдіктің жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін ІІ Абдалла бен әл-Хусейнге және достас иордан халқына алғыс айтты. «Ұлы Мәртебелі, Сізді аса көрнекті мемлекет қайраткері әрі көшбасшы ретінде бағалаймын. Сондықтан бұл марапатты Өзіңізге деген шынайы құрметпен қабыл аламын. Осы айтулы оқиғаны Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігінің арасындағы өзара сенімге негізделген ынтымақтастықтың символы санаймын. Біз ықпалдастығымыздың жаңа көкжиегі белгіленген бүгінгі келіссөздердің қорытындысына баса мән береміз. Осынау маңызды сапардың нәтижесі серіктестікті одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп сенемін. Елдеріміз арасындағы конструктивті диалог пен тығыз қарым-қатынас алдағы уақытта да кеңейе бермек. Бұл жаңа бағыттарды қамтып, екіжақты әріптестіктің дамуына ғана емес, өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа да ықпал етеді деп ойлаймын» деді Мемлекет басшысы.

Astana Hub кластеріне барды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен ІІ Абдалла бен әл-Хусейн Astana Hub халықаралық кластерін аралау барысында еліміздің ІТ және жасанды интеллект саласындағы жетістіктерімен танысты. Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық кластер. Онда 1700-ден аса ІТ-компания шоғырланған. Былтыр тартылған жалпы инвестиция көлемі 700 миллион доллардан, ал ІТ қызметінің экспорты 650 миллион доллардан асты.

Astana Hub базасында жыл сайын он мың азаматты қамтитын Tech Orda, TUMO және Tomorrow School білім беру, сондай-ақ Google for Startups серіктесімен бірге акселерация бағдарламалары іске асырылуда. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға биыл күзде Астанада ашылуы жоспарланып отырған AlemAI Халықаралық жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасын көрсетті. Қазақстан Президенті мен Иордания Короліне әлемдік нарыққа шыққан отандық компаниялардың әзірлемелері таныстырылды. Олардың қатарында epsilon3ai (мемлекеттік секторға АІ-шешімдер әзірлейтін зертхана), Qalan (Қазақстанда және шет елде 1 миллионнан аса оқушы пайдаланатын математика пәнінен білім беру платформасы), inDrive (жолаушы және жүк тасымалы, жеткізу қызметін ұсынатын жаһандық платформа), KazDream (ұлттық қауіпсіздік, шекаралық бақылау және киберқорғау салаларында жұмыс істейтін еліміздегі ірі ІТ-компания) секілді жобалар бар.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button