
Бүгін дауыс беру учаскесінде жастардың белсенділігі байқалды. Солардың бірі – бірінші курс студенті Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Серім Асылан. Ол дауыс беруге достарымен бірге келіпті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Студенттің айтуынша, олар бүгін арнайы жиналып, азаматтық борыштарын орындау үшін келген.
– Бүгін достарыммен бірге келіп дауыс бердік. Бұл – әрбір азамат үшін маңызды қадам деп ойлаймын, – дейді ол.
Серім Асыланның пікірінше, Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер елдің дамуына оң әсерін тигізеді. Мемлекет үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, көптеген жетістіктерге жол ашады.
– Менің ойымша, бұл өзгерістер еліміздің дамуына үлкен үлес қосады. Сонымен қатар, Президенттің жұмысын жеңілдетуге де көмектеседі. Мысалы, вице-президент қызметінің пайда болуы кейбір міндеттерді бөлісуге мүмкіндік береді. Яғни, вице-президент белгілі бір істерді өзіне алып, мемлекет басшысына ел басқаруда қолдау көрсетеді, – деді студент.
Жастардың осындай белсенділігі қоғамның болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Олар ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерге қатысып, өз таңдауларын жасау арқылы азаматтық жауапкершіліктерін сезінетінін дәлелдеп отыр.



