Домбыра салтанаты

Астана күні мен Ұлттық домбыра күні қарсаңында елорданың «Нұржол» бульварында дәстүрлі Dombyra party ұйымдастырылды.
Іс-шараны блогер Алмас Алтай қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен өткізді. Мақсаты – ұлттық болмысты нығайту, жастардың дәстүрлі мәдениетке қызығушылығын ояту және ұрпақтар сабақтастығын қолдау.
Ашық аспан астында домбырамен күй, терме, эпостық жырлар мен халық әуендері орындалды. Шараның ерекшелігі – кез келген адам дайындық деңгейіне қарамастан сахнаға шығып, домбырамен өнер көрсетуі.
«Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, халқымыздың шынайы тарихы. Ол дала рухын, ата-бабамыздың даналығын, қазақ сөзінің қуатын жеткізеді. Мұндай шаралар ұлттық сана мен мәдениетке деген құрметті қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Әсіресе жастардың терме, күй, жыр, дастанға қызығушылық танытып жатқаны қуантады. Бұл дәстүрдің жалғасып жатқанын білдіреді» деді Есіл ауданы әкімінің кеңесшісі Құралай Слямбекова.
Алмас Алтайдың айтуынша, кеште тек бір ғана музыкалық аспап – домбыра қолданылған. Алайда әр қатысушы өзінше ерекшеленді: бірі домбырамен заманауи хиттерді орындаса, енді бірі дәстүрлі халық әндерін тарту етті.