Басты ақпаратҚұқық

Дипфейк: қоғамға төнген қауіп

Дипфейк – жасанды интеллект арқылы адамның бейнесін немесе дауысын барынша шынайы етіп өзгертуге мүмкіндік беретін технология. Бұрын мұндай контентті жасау үшін кәсіби студия мен білімді мамандар қажет болса, бүгін оны кез келген адам бірнеше минут ішінде қарапайым смартфон арқылы-ақ жасай алады.

Қазіргі уақытта дипфейк технология құралы емес, адам психологиясы, интернет-алаяқтық және киберқауіпсіздік салаларын то­ғыстырып тұр. Қаржы мониторингі агенттігі превенция және аналитика әзірлемелері департаменті басшысының орынбасары Андрей Давыдовтың айтуынша, дипфейк технологиялары соңғы жылдары күрт жетіліп, фейк видео мен дауыстың сапасы адамды шатастыратындай деңгейге жеткен әрі бұл – қоғам үшін үлкен қауіп. Оның айтуынша, заманауи нейрожелілерге адамның дауысын көшіріп алу үшін небәрі 30 секундтық жазба жеткілікті. Ал бейнені қолдан жасап шығару одан да жеңілдей түскен. Жасанды интеллект адамның бет мимикасын, көз жыпылықтату жиілігін, тіпті жарықтың өзін шынайы түрде бейнелей алады. Осы мәселеге қатысты деректер ойлантпай қоймайды. 2019 жылдан бері дипфейктер санының күрт өскені технологияның тез дамып жатқанын білдіреді. Мәселен, Deloitte болжамына сүйенсек, әлемде 2027 жылға қарай AI-алаяқтықтан келетін шығын 40 млрд долларға жетуі мүмкін. Біздің еліміздің өзінде 2025 жылдың алғашқы айларында дипфейкке қатысты 40-тан астам қылмыстық іс тіркелген. Бұл цифрлар дипфейк мәселесі тек жаһандық деңгейде емес, Қазақстан үшін де өзекті екенін дәлелдейді.

Алаяқтар қалай алдайды?

Андрей Давыдов алаяқтыққа қатысты нақты мысал келтірді. Оның ішінде ең таңғаларлығы – Гонконгтағы оқиға. Бір ғана бейнеконференция арқылы алаяқ­тар 25 миллион долларды үптеп кеткен. Нақты айтсақ, компания қызметкері онлайн-жиналысқа қатысады. Экранда әріптестері – бас директор, қаржы директоры және тағы басқа мамандар отыр. Бірақ олардың барлығы дипфейктер болып шыққан. Қызметкер олардың айтқанын шынайы деп қабылдап, 25 миллион долларды аударып жіберген. Бұл оқиға дипфейктің тек жеке адамдарға емес, мемлекеттік органдар мен ірі бизнеске де қауіп төндіретінін көрсетеді.

Әлеуметтік желілердегі фейктер көп жағдайда таныс емес «шетелдік жігіттер» және боттар екені белгілі. Жалған аккаунттар (Instagram, Telegram, VK), әдемі адамдардың дипфейк фотолары, боттармен жасалатын «интернет-романдар» және эмоцияға әсер ететін жалған оқиғалар – алаяқтықтың басты схемалары. Мәселен, елорданың өзінде жуырда қала тұрғыны өзін «шетелдікпін» деген жігітке 9 млн теңге аударып жіберген. Келіншек әлеуметтік желіде өзін «шетелдікпін» деп таныстырған жігітпен сөйлесіп жүрген. Аз уақытта оған деген романтикалық сезімін білдірген ер адам бірде картасы бұғатталғанын, қонақүйге төлем жасай алмай тұрғанын және билет сатып ала алмай отырғанын айтып, 9 млн теңге сұрап алған. Айналып келгенде, бәрі жалған. Ол адамның бет-бейнесі де, бейнежазбасы да дипфейк. Алаяқтардың тағы бір пайдаланатыны – жасанды дауыс.

«Егер жақыныңыз сізден дауыс хабарламасы арқылы қаржылай көмек сұраса, ең алдымен, оның жеке телефон нөміріне қоңырау шалып, тексеріңіз. Себебі алаяқтарға дипфейк үшін дауысыңыздың 30 секунды жеткілікті. Мысалы, сізге жақын туысыңыздан немесе анаңыздан дәріге немесе ота жасатуға қаражат сұраған дауыс хабарламасы келуі мүмкін. Сол кезде ақша жібермес бұрын бірден қоңырау шалыңыз. Дипфейкті шынайы дауыстан ­ажырату қиын болуы мүмкін. Тіпті алаяқ­тарда «айналайын» деген сөзді де қолданып, жақыныңыздың дауыс ырғағын дәлме-дәл келтіру мүмкіндігі бар» дейді Андрей Давыдов.

Қазір Қазақстанда мұндай сценариймен жасалған алаяқтықтар көбейіп келеді.

Атақты адамдардың атын жамылады

Алаяқтардың тағы бір айласы – танымал адамдардың атын жамылу. Яғни бейнедипфейк. Олар шенеуніктердің, бизнесмендердің, спортшылардың және блогерлердің бейнесін қолдан жасайды. Содан кейін олардың атынан «Инвестиция жасаңыз, 80% табыс аласыз», «Біз арнайы бағдарлама аштық» деген жалған видеолар таратады. Елімізде мұндай алаяқтыққа көп адам сеніп қалады. Салдарынан жеке дерегінен немесе ақшасынан айырылып қалады.

Мамандардың айтуынша, дип­фейкті танып білудің төрт негізгі бел­гісі бар. Біріншіден, бейнематериал­дағы адамның көз жыпылықтатуы табиғи емес. Өте жиі болады немесе мүлдем байқалмайды. Екіншіден, көлеңке дұрыс түспейді. Жарықтың бағыты бетке түскенде табиғи шықпайды. Үшіншіден, бет-мо­йын сызықтары бұлыңғыр болады. Сонымен қатар адамның шашы көрінбейді. Жасанды интеллект дәл бере алмайтын ең қиын элементтің бірі осы шаш қозғалысы екен. Алайда сарапшылар жарты жылдан кейін бұл белгілердің өзі байқалмай қалуы мүмкін екенін алға тартады, себебі технология күн сайын дамуда.

4,5 миллионға алданған 

Жуырда елордалық Айгүл есімді келіншек те алаяқтарға қалай алданғанын айтып берген еді.

«10 қараша. Автобустан түсіп үйге келе жатыр едім, бейтаныс нөмірден қоңырау шалды. Жас қыздың дауысы «Сіз декларацияны қате тапсырғансыз, период дұрыс емес» деп қорқыта бастады. Әңгіме арасында білдіртпей, «Телефоныңызға код келді, айта қойыңыз» деді. Сол сәттегі аң-таң күйімді сөзбен жеткізе алмаймын. Көп ұзамай басқа нөмір «ЦОН-нанбыз. Код айтып пе едіңіз? Сіз қазір үлкен қауіптесіз! Алаяқтар сізді торға түсіріп жатыр! Ешкімге ештеңе демеңіз, ешкімге сенбеңіз, оңаша болыңыз» деп алдап соқты. «ҚР-ның 223-бабына сәйкес, сіз үшінші тұлғаға құпияны жарияламауға міндеттісіз» дегені де бос сөз екен. Дауыстары асығыс, қорқыныш тудырады. Сені шошытып алады да, сол қорқыныштың ішінен өздері «құтқарушы» болып шыға келеді екен. Қазір ойлап отырсам, бәрі жоспарлы, ешбір қате қадамдары жоқ. Сәлден соң видеобайланысқа шықты. Өзге ұлт өкілі, ер адам. Артында «Ұлттық банк» деген баннер. Тіпті аватарында да сол. Баннерді арнайы көрсетіп, «Сізді бақылап отырмыз. Уайымдамаңыз, біз көмектесеміз» деді. Сол сәтте сенесің. Өйткені қорқып тұрсың. Өйткені жалғызсың. Бір кезде «аға менеджерге» қосты. Одан кейін «киберполицияға». Ол формада отыр. Артында көк туымыз ілініп тұр. Куәлігін көрсетіп, өзін таныстырып жатыр. Қазір ойласам, бәрі қолдан жасалған фильм сияқ­ты. Бірақ сол сәтте менің ақылым емес, қорқынышым сөйлеп тұрған. Нәтижесінде атымнан 3 кредит рәсімделді: біреуін банк тоқтатты, біреуіне биометриям өтпей қойды, үшіншісі, өкінішке қарай, кетті. Олар мінсіз жоспар құрған алаяқтар екен. Мен ақшаны емес, адамдықты жоғалтып алғандай күй кештім. Сенімімді, қарапайымдылығымды, адал ниетімді пайдаланды» дейді ол.

Осылайша, өзінің алданғаны басқа адамдарға да сабақ болса екен дейді. Бұл ретте алаяқтар психологиялық манипуляцияны пайдаланып отыр. Қорқыныш, мейірім, сүйіспеншілік, жауапкершілік. Адамды сендіру үшін нақты сценарийлер ойластырылады. Дипфейктер тек ақша жымқыру үшін емес, қоғамда дүрбелең тудыру, белгілі тұлғаларды қаралау үшін де қолданылуы мүмкін. Олар интернеттегі контентті шынайы деп қабылдайтын ең осал топтарды таңдайды.

Қалай қорғану керек?

Сарапшылар бірнеше қарапайым мәселені назарда ұстау керек дейді. Кез келген күмәнді хабарламадан кейін міндетті түрде қайта қоңырау шалу, бейтаныс адамдарға ақша, жеке фото-бейнежазба жібермеу, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік баптауын қатайту, «Тез байытып жібереміз» деген ұсыныстарға сенбеу. Егер ақпарат тым жақсы немесе тым қорқынышты көрінсе, ол алаяқтық болуы мүмкін.

Біз қаласақ та, қаламасақ та, дипфейк – әлеуметтік қауіп. Андрей Давыдов атап өткендей, дипфейктер дәуірі енді басталды. Жарты жылдан кейін бүгінгі айырмашылық белгілері жоғалып, шынайы мен жалғанды ажырату тіпті мүмкін болмай қалуы мүмкін. Сондықтан цифрлық сауаттылық, қаржылық сауаттылық, ақпараттық қауіпсіздік әр азамат үшін міндетті дағдыға айналуы тиіс. Тек сауатты қоғам ғана жаңа технологиямен бірге келген алаяқтыққа төтеп бере алады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button