Қоғам

Digital Bridge 2025: форум қандай нәтиже берді?

2-4 қазан аралығында Астанада өткен Digital Bridge 2025 халықаралық форумы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ең жарқын әрі ауқымды оқиғалардың бірі болды. Форум Орталық Еуразиядағы жетекші жаһандық технологиялық алаңдардың қатарына еніп, IT-индустрияның, венчурлық капиталдың, ғылым мен білімнің әлемдік көшбасшыларын біріктірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Форум Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб әрі халықаралық инвестиция, стартаптар мен таланттарды тарту орталығы ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын айқын көрсетті.

Digital Bridge үш күндік форматта өтіп, іскерлік және көрме бағдарламасын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді. 20 мыңнан астам билет белсендіріліп, келушілер саны 60 мыңнан асты. Оған 400-ден астам отандық және халықаралық спикер, 100-ден астам инвестор мен «бизнес-періште», сондай-ақ әлемнің 30 елінен 200-ге жуық IT-компания мен стартап қатысты. Бұл – форум тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

Digital Bridge 2025 бағдарламасы 120-дан астам іс-шараны қамтыды: панельдік пікірталастар, keynote-баяндамалар, питчинг-сессиялар мен тақырыптық алаңдар өтті. Олар мемлекеттік басқару, білім беру, медицина, мәдениет, экотехнологиялар, биометрия және инвестиция салаларында жасанды интеллектіні практикалық тұрғыда қолдану тақырыптарына бағытталды. Форумның басты фокусы нақты нәтиже көрсетіп жатқан AI-шешімдерді енгізуге бағытталды.

Форумның басты оқиғаларының бірі – Орталық Азиядағы ауқымды, маңызды жоба саналатын Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы болды. Орталық қоғамдық кеңістікті, өңірдегі алғашқы Tomorrow School жасанды интеллект мектебін, TUMO креативті технологиялар орталығын, стартап-кампусты, ғылыми-зерттеу зертханаларын және AI-driven Government аймағын біріктіреді. Аlem.ai жыл сайын шамамен 10 мың талантты тартуды, 1 мыңға дейін маман даярлауды, 100-ге жуық стартапты іске қосуды және ондаған ғылыми зерттеуді жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Digital Bridge 2025 аясында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті.

Кеңес құрамына жасанды интеллект саласындағы жетекші халықаралық сарапшылар мен көшбасшылар, мемлекеттік органдардың, бизнестің, ғылым мен білім беру қауымдастығының өкілдері кірді. Олардың қатарында БАӘ-нің жасанды интеллект жөніндегі мемлекеттік министрі Омар Аль-Олама, жасанды интеллект саласындағы ең танымал футурологтар мен инвесторлардың бірі, Sinovation Ventures және 01.ai негізін қалаушы Кай-Фу Ли, Oxford Insights бас директоры Ричард Стирлинг, Калифорния университеті (Беркли) Haas бизнес-мектебінің профессоры Олаф Дж. Грот, Тьюринг сыйлығының лауреаты, Корнелл университетінің профессоры Джон Хопкрофт, Калифорния университетінің (Сан-Диего) ректоры Прадип Кхосла, Polynome Group негізін қалаушы Александр Ханин, БҰҰ-ның AI for Good жаһандық бастамасының жетекшісі Эбтесам Аль-Мазруи және басқалар бар.

Мемлекет басшысы цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект ел егемендігінің маңызды шарты әрі экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші екенін атап өтті. «Біз үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыруды мақсат етіп отырмыз», – деді Президент.

Форумның ашылу салтанатында Премьер-министр орынбасары – Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев стратегиялық басымдықтарды айқындады. Олардың қатарында отандық технологияларды дамыту, жоғары білікті кадрларды даярлау және жасанды интеллектіні экономиканың барлық негізгі салаларына кеңінен енгізу бар.

Форум белсенді халықаралық диалог пен практикалық ынтымақтастық алаңына айналды. Мемлекеттік органдар, ірі компаниялар, халықаралық технопарктер мен стартап-экожүйелер арасында 41 келісім мен меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар цифрлық қаржыны дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, робототехникаға, жасанды интеллектіге және қазақстандық IT-шешімдердің экспортын кеңейтуге бағытталған.

Маңызды келісімдердің қатарында Astana Hub пен қытайлық UNITREE компаниясы арасында alem.ai базасында робототехника зертханасын ашу туралы келісім, сондай-ақ StartupBlink жаһандық аналитикалық платформасымен серіктестік бар. Global Startup Ecosystem Index 2025 қорытындысы бойынша Қазақстан Орталық Азияда бірінші орынға ие болды, ал Astana Hub Top Startup Hub in Central Asia мәртебесін алды.

Форумның іскерлік бағдарламасына әлемдік деңгейдегі сарапшылар мен кәсіпкерлер қатысты. Олардың ішінде БАӘ-нің AI министрі Омар Аль-Олама, Кай-Фу Ли, Олаф Дж. Грот, Тимур Турлов (Freedom Holding Corp.), Павел Дуров (Telegram), Меруан Дебба (Халифа университеті), Пол Ким (Стэнфорд / Дүниежүзілік банк), Прадип Кхосла, Николя Садирак (01Edu), Мансур Аль-Мансури (G42 International), Питер Норвиг (Google / Stanford), Эбтесам Аль-Мазруи (БҰҰ «AI for Good»), Лили Лю (Solana Foundation), Илья Стребулаев (Stanford), Михаил Ломтадзе (Kaspi.kz), Арсен Томский (inDrive) және басқалар бар.

Стартап-экожүйесіне де ерекше назар аударылды. Startup Alley және Astana Hub Battle 2025 алаңдарында Орталық Еуразия елдерінің командалары өз жобаларын таныстырды. Байқаулар мен көрмелер EdTech, HealthTech, финтех және генеративті AI салаларындағы қазақстандық және өңірлік әзірлеушілердің әлеуетін көрсетті.

Форум серіктестер мен демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылды. Барлық шығындар демеушілік қаражат есебінен жабылды. Бас серіктес – Freedom Bank Kazakhstan. Алтын серіктестер – Kaspi.kz, Yandex Qazaqstan, «Қазақтелеком» АҚ. Күміс серіктес – «Транстелеком» АҚ. Қола серіктестер – BI Group, «Бәйтерек» ҰХБ» АҚ, Еуразиялық банк, Ozon, «Теңізшевройл» ЖШС. Инновациялық серіктес – inDrive. Ақпараттық серіктестер – CITIX, Musan Group, EcoGenMedia, MYD, Visit Astana.

Digital Bridge 2025 Қазақстандағы технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту бойынша ауқымды жұмыстың шарықтау шегі ғана емес, болашақ жетістіктердің берік іргетасына айналды. Атқарылған жұмыстардың, халықаралық әріптестіктің және енгізілген AI-бастамалардың арқасында ел цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне сенімді қадам басты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, озық технологиялар тұрақты дамудың, барлық салаларды жаңғыртудың және азаматтарға көрсетілетін қызметтер сапасын арттырудың негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін атап өтті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button