Депутаттар әкіммен кездесті

Елорда әкімімен өткен мәслихат депутаттарының кездесуінде қаланың өзекті мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында елордалықтарды толғандыратын бірқатар маңызды сұрақ көтерілді. Атап айтқанда, мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеу, жол-көлік инфрақұрылымы – көшелер мен жолдарды салу және жөндеу, әсіресе мектептер орналасқан аумақтардағы жолдарды жақсарту мәселелері қозғалды.
Сонымен қатар коммуналдық салаға қатысты сұрақтар назардан тыс қалмады. Жаңа инженерлік желілерді салу, ескірген жүйелерді ауыстыру, медициналық мекемелерді жөндеу және оларды заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету сияқты мәселелер талқыланды. Жеңіс Қасымбек бюджет қалыптастыру барысында ең алдымен қала тұрғындары үшін өзекті мәселелер ескерілетінін және оның әлеуметтік бағытта болатынын атап өтті. Әкіммен кездесу барысында айтылған мәселелер негізінде алдағы кезектен тыс сессияда бюджет қаражатын басым бағыттар бойынша тиімді бөлу мәселесі қаралады.