Мәселе

Демографиялық қауіптен қалай құтыламыз?

Қазіргі демографиялық саясатымыз фрагментті және нақтыланбаған сипат алуды жалғастыруда. Демография мен көші-қонды басқару функция­лары әртүрлі ведомстволар арасында шашыраңқы орналасқан, бұл жүйелі талдау, белсенді жоспарлау мүмкіндігін болдырмайды. Нәтижесінде демографиялық дамудың бірыңғай жүйесі жоқ, іске асырылатын бағдарламалардың тиімділігі төмендейді, институционал­дық және аумақтық теңсіздіктер күшейеді.

Осыған байланысты мынадай ұсы­ныстарым бар:

Біріншіден, Қазақстан Республикасының демографиялық саясатының тұжырымдамасын әзірлеу және қабылдау. 2011 жылы мемлекеттік демографиялық саясат тұжырымдамасы күші жойылғаннан кейін елде осы саладағы стратегиялық басымдықтарды айқындайтын жүйелі негіздемелік құжат жоқ. Бұл институционалдық вакуумға алып келіп, елді ведомствоаралық ықпалдастық пен бағдарламалық мақсат қою құралынан айырды. Бұл ретте, Қазақстан бірқатар тұрақты және күшейіп келе жатқан келесідей демографиялық сын-қатерлерге тап болып отыр: туу деңгейінің төмендеуі – дерек бойынша туудың жиынтық коэффициенті 3,02-ден (2021 ж.) 2,96-ға (2023 ж.) дейін төмендеді; халықтың қартаюы – 60 жастан асқан азаматтардың үлесі 13,2%-ға жетті (2023 ж.) және 2050 жылға қарай 16,7% деңгейінде болжануда, бұл Қазақстанды «қартаю қоғамы» ретінде саралайды (БҰҰ жіктемесі бойынша); аймақтық диспропорциялар – бірқатар солтүстік және шығыс аймақтарда депопуляция және тұрақты көші-қон ағыны процестері байқалады; урбанизацияның өсуі – шағын және орта елді мекендердің деградациясымен қатар жүретін агломерациялардағы халықтың шоғырлануы күшеюде; көші-қон ағынының өсуі, әсіресе жастар мен білікті кадрлардың кетуі. Бұл сын-қатерлердің кешенділігі жеке бастамаларды емес, біртұтас, ведомствоаралық үйлестірілген және ғылыми негізделген тәсілді қажет етеді. Тұжырымдама өмірлік циклдің туғаннан бастап белсенді ұзақ өмір сүруге дейінгі барлық кезеңін қамтуға, аумақтық саясат, еңбек ұтқырлығы, репродуктивті және көші-қонды жоспарлау құралдарын қамтуға және Қазақстанның 2050 жылға қарай өзінің демографиялық келбетін қалай көретінін айқындайтын бағдарларды қамтуға тиіс.

Екіншіден, демографиялық саясатты іске асырудың институционалдық тетігін күшейту. Жаңа орталық мемлекеттік органның құрылуы – қажетті қадам. Қазір демографиялық және көші-қон саясаты үшін бірыңғай жауапты орталық жоқ. Бұл өкілеттің бұлыңғырлануына және басқарудың төмендеуіне әкеледі. Осыны ескере отырып, қолданыстағы мемлекеттік органдардың біріне нормативтік деңгейде тиісті функцияларды бекітіп, кеңейтілген үйлестіру мандатын беру нұсқасын қарастыру ұсынылады. Мұндай қадам: халықтың өсімін молайту, көші-қон, жұмыспен қамту, әлеуметтік саясат және өңірлік жоспарлау саласында тұтас стратегиялық үйлестіруді қамтамасыз етуге; демографиялық процестер мен мінез-құлық факторларының жүйелі мониторингі негізінде болжамды және сценарийлік тәсілді енгізуге; жауапкершілікті, ресурстарды және сараптаманы ұлттық және аймақтық деңгейде бүкіл демографиялық күн тәртібінің драйвері бола алатын бір операциялық қабілетті шешім қабылдау орталығына шоғырландыруға алып келеді.

Үшіншіден, демографиялық саясатты жүйелі аналитикаға сүйенбестен жүргізу мүмкін емес. Қазақстанда ұрпақ өсімі мен азаюын жан-жақты зерттеуді қамтамасыз ете алатын пәнаралық ғылыми инфрақұрылым жеткіліксіз. Бүгінде мемлекеттік органдар Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамдарына тек қана туу, өлім-жітім, халықтың келуі мен кетуі деңгейін ескеретін мәліметтерге ғана сүйеніп отыр, алайда бұл көрсеткіштердің артында тұрған бірқатар әлеуметтік және демографиялық факторды ескермейді. Осыған орай, әлеуметтанушыларды, экономистерді, статистерді, урбанистерді, репродуктивті денсаулық сақтау мамандарын біріктіретін демографиялық және көші-қон процестерін талдаудың ұлттық орталығын құруды ұсынамыз.

Төртіншіден, демография саласында кәсіби кадрларды даярлау және дамыту. Мемлекеттік демографиялық саясаттың ең осал элементі – білікті кадрлардың тапшылығы. Соңғы онжылдықтар ішінде Қазақстанда демографтарды даярлау іс жүзінде жеке бағыт ретінде жүзеге асқан жоқ.

 Амангелді ТОЛАМИСОВ,

Сенат депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button