Қоғам

Декларацияның 35 жылдығына арналған тақырыптық көрме ашылады

Елордада Республика күні мен Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның 35 жылдығына арналған тақырыптық көрме ашылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

2025 жылғы 8 қазан күні сағат 15:00-де ҚР ПІБ Президенттік орталығында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының 35 жылдығы және Республика күніне арналған «Егемендік жолы» атты тақырыптық көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Іс-шара Нұрсұлтан Назарбаев Қорымен бірлесіп дайындалды.

Көрменің мақсаты – архивтік, кітапханалық материалдар мен музей экспонаттары арқылы Декларацияның тарихи және қоғамдық-саяси маңызын көрсету, оның Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы рөлін айқындау, елдің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін паш ету, сондай-ақ кең аудитория арасында азаматтық ұстаным мен патриотизмді қалыптастыру.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. 2022 жылғы маусымда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайта атап өтуді, оған ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Себебі бұл шешім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының маңызын, оның ел тәуелсіздігіне бастайтын алғашқы маңызды қадам және Қазақстанның жаңа тарихының бастау нүктесі ретінде айрықша мәнге ие екенін айқындайды.
Декларация республиканың алғашқы негізгі мемлекеттік актісі болды. Онда елдің бөлінбейтіндігі мен тұтастығы бекітіліп, мемлекет халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде айқындалды. Бұл құжат республика заңдарының одақтық заңдардан үстемдігін және Қазақ КСР-інің КСРО құрамында нақты дербестікке ұмтылысын жария етті.

Көрме бірнеше маңызды бөлімнен тұрады. Онда Декларацияның қабылдануына алғышарт болған тарихи үдерістер қамтылады; унитарлық мемлекет пен аумақтық тұтастық қағидаттарын қоса алғанда, Декларация негізін қалаған саяси және құқықтық негіздер көрсетіледі; қазақ халқы мен елімізде тұратын өзге этностардың төл мәдениеті мен дәстүрлерінің қайта жаңғыруымен байланысты мәдени және ұлттық аспектілерге назар аударылады. Сондай-ақ, көрме ұлттық болмысты нығайту және Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуындағы Декларацияның рөліне баса мән береді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button