Дата-журналистика әлеуеті қандай?

Экологиялық мәселелер барған сайын өзекті болып келе жатқан Қазақстанда дата-журналистика бұл проблематиканы көрсетуде медиакеңістікте біртіндеп маңызды орын алады. Ашық деректерді пайдалану алаңдатарлық тенденцияларды анықтауға және талдауға ғана емес, сонымен қатар мәселелердің мәнін кең аудиторияға қолжетімді және көрнекі түрде жеткізуге көмектеседі. Бұл құрғақ статистиканы қоғамдық пікірге, тіпті саяси шешімдерге әсер ететін маңызды оқиғаға айналдыруға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары еліміз деректердің ашықтығы мәселелерінде айтарлықтай ілгеріледі. Қазақстан ODIN деректерінің әлемдік рейтингінде 100 ұпайдан 72 ұпай жинап, 198 мемлекеттің арасынан 44-орынға көтерілді және data.egov.kz ұлттық порталында қазірдің өзінде экологияға қатысты 3000-нан астам деректер жиынтығы орналастырылған. Ауаның, су объектілерінің ластануы, өнеркәсіп кәсіпорындарының шығарындылары және орман өрттері туралы статистика барған сайын қолжетімді болып келеді. Мысалы, ресми ақпаратты талдаудың арқасында 2022 жылы елдегі қоршаған ортаны қорғау шығындары 445 млрд теңгені құрап, төрт жыл ішінде шамамен 47,1%-ға өскені анықталды. 2018 жылы бұл көрсеткіш 302 млрд теңгені құраған еді. Алайда бұл ретте 2022 жылы 70 елді мекеннің тек 23-і ғана экологиялық таза деп танылды, қалған елді мекендерде ластаушы заттар бойынша тіркелген оқиғалар біршама көп. Бұл ретте Қазақстан экологиялық тиімділіктің жаһандық рейтингінде 178-ден 92-орында тұр. Бұл деректер ойлануға түрткі болады және сыни талдау мен қоғамдық талқылауға да негіз.
Дата-журналистика мұндай фактілерді жазып қана қоймай, оларды көрнекі түрде түсінуге мүмкіндік береді. Интерактивті карталар, графиктер және инфографика оқырманға мәселені сөзбе-сөз «көруге», ауаның қаншалықты ластанғанын, шығарындылар деңгейінің жылдар бойынша қалай өзгеретінін немесе көгалдандыруға қанша ақша жұмсалатынын түсінуге ықпал етеді. Көрнекті мысалдардың бірі – AirData.kz жобасы. Ол елдің 73 қаласына 200 сенсор орнатып, одан деректерді жинап, визуализациялайды, нақты уақыт режимінде ауаның сапасын көрсетеді.
Қазақстанда дата-журналистиканың әлеуеті зор. Ол экологиялық бағдарламалар мен жоспарлардың орындалуын бақылаудың тиімді құралы бола алады. Мысалы, 2029 жылға қарай Үкімет халықтың 90%-ы өз аймағының экологиялық жағдайына қанағаттануын жоспарлап отыр. 2023 жылы бұл көрсеткіш тек 71%-ды құрады. Бұл жоспардың қалай жүзеге асырылатынын, оның астында нақты әрекеттер бар-жоғын және нақты жақсартуларды бақылай алатын – дата-журналистер.
Дата-журналистика – бұл экология туралы тек сандармен айту тәсілі ғана емес, қоғамның алаңдаушылығын дәлелдермен жеткізетін, мәселелердің ауқымын ұғынуға көмектесетін және жекелеген бақылауларды елдік деңгейдегі өзгерістерге деген ортақ сұранысқа айналдыратын тіл. Қоғам ашықтықты талап етіп отырған, ал экологиялық күн тәртібі күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған заманда деректерге негізделген журналистика Қазақстанда экологиялық жауапкершілігі жоғары ұлт қалыптастыруда маңызды рөл атқара алады.
Айару ДӘУЛЕТ,
академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды
ұлттық зерттеу университетінің магистранты



