Дарынды оқушылар марапатталды

Елорданың әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында халықаралық, республикалық олимпиадалар және ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттауға арналған «Елорда дарындары» атты іс-шара өтті.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңындағы жиынды астаналық Білім басқармасы мен «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы бірлесе ұйымдастырды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін іс-шара елордалық дарынды жастарды қолдауға, олардың көшбасшылық және шығармашылық қабілетін насихаттауға бағытталады.
Жиында сөз алған елордалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев астаналық оқушылар республикалық және халықаралық деңгейдегі білім сайыстарында үнемі жеңіс тұғырынан көрінетінін атап өтті.
– 2024-2025 оқу жылында 32 мың оқушы түрлі зияткерлік іс-шараға қатысып, 334 медаль жеңіп алды, оның 41-і – халықаралық, 293-і – республикалық деңгейде. Астана қаласының 154 оқушысы халықаралық рейтингтік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысып, барлығы 90 медальға ие болды. Биылғы оқу жылында елорданың зияткерлік командасы республикалық пән олимпиадасында рекордтық медальға қол жеткізді. Оның 19-ы – алтын, 17-сі – күміс, 29-ы – қола медаль. Астана оқушылар командасы жыл сайын «Ең үздік олимпиадалық команда» атанады. Талабы таудай, қабілеті жоғары, ізденімпаз жастар көбейіп, адамзат игілігіне үлес қосып жатса, олар – ұлтымыз үшін мақтаныш, еліміз үшін абырой! – деді басқарма басшысы.
Салтанатты жиында 2024-2025 оқу жылының жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық және республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалар байқауының және инженерлік-техникалық жарыстарда жеңімпаз бен жүлдегер атанған 122 оқушы қатысты. Дарынды оқушыларға Астана қаласы әкімінің атынан алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Индира Бержанова