Басты ақпаратМәдениет

Дарынды хореографтың дара жолы

«Астана Опера» балет труппасының солисі, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Сұлтанбек Ғұмар – Қазақстанның классикалық балетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген дарынды хореограф. Жаңа хореография­лық өрнек іздеудегі алғашқы талпынысын 2 жыл бұрын бастаған ол аз уақытта ұлттық бағыттағы бірегей қойылымдарымен Қазақстандағы ғана емес, елімізден тыс жерлердегі де көрермендердің жүрегін жаулап үлгерді. Хореографтың көрермендер үшін тағы қандай жаңалықтары барын өзінен сұрап білдік.

– Сұлтанбек, көрермендер сізді «Астана Опера» солисі ретінде бұрыннан біледі. Сондай-ақ болашағынан зор үміт күттіретін хореограф ретінде де танылдыңыз. Бұл екі кәсіпті қатар алып жүру қаншалықты қиын?

– Кей тұстарда өзінің қиындығы, кейде артықшылығы да бар. Өзім труппада билеп, дене тұрқымды бірқалыпты сақтап тұрғаннан кейін әртіс­терге қимылды еркін көрсете аламын. Көбіне уақыттың тығыздығына байланысты қиындықтар болып жатады. Театр репертуарындағы спектакльдерде өнер көрсетуден және премьераларға дайындықтан бөлек, өзімнің жаңа нөмірлерімді қоюға уақыт табуға тырысамын. Кейде түскі ас ішпей жұмыс істейтін кездерім болады. Ал афишада Nomad Inspiration гала-концерті тұрса, онда барлық нөмірдің дайындығын өзім жүргіземін, сондай кездерде залдан мүлдем шықпай дайындаламыз. Дегенмен де мұндай мүмкіндігімнің болғаны бақыт деп есептеймін. Күш-қайратым барда еңбек етуім керек және қазақ балетінің дамуына өз үлесімді қосуға тиіспін. Біз бір ұжымда еңбек ететіндіктен, әртістердің мінезін, көңіл күйін, қабілетін сырттан келетін қоюшыларға қарағанда жақсы білемін. Біздің арамыз­да ешқандай тосқауыл жоқ, сондықтан өз қойылымдарыма әртіс таңдағанда қателес­пеймін деп ойлаймын. Мен олардың әріптесі әрі досы болғандықтан, әртістер менің жанымда еркін ашылады. Дайын­дық барысындағы мұндай жылы атмосфера қойы­лымның сәтті шығуына әсер етеді.

– Қойылымдарыңызда та­қы­рыптық шектеу болды ма?

– «Осындай тақырыпта қой» деп ешкім ешқашан айтқан емес, мен әрдайым өзімнің қалағанымды қоямын. Бәлкім, жұмыстарымның көрер­мендердің жүрегінен орын алып, жетістікпен ұсынылып жүргенінің тағы бір сыры осы шығар. Сондай-ақ биді қоятын кезде музыка авторларынан оның жазылу тарихын міндетті түрде сұрап аламын. Өйткені оның түпкі мәні мереке туралы болса, оған мұңлы би қойғаным жарамайды. Меніңше, музыка мен би бір-бірімен үйлесіп тұруы керек. Кішкентайымнан қазақ халық күйлерін тыңдап өстім. Домбыра, жетіген мен қобыздың үнін естісем, ерекше жігерленемін. Ұлттық аспаптардың үні «тарихты айт­шы» деп сөйлеп тұрғандай болады. Музыканы естіген бойда санамда сурет пайда бола бастайды. Осы уақытқа дейін ұсынылған «ХасСақ» ансамблінің музыкасына «Рух», «Той бастар», «Аралым», «Кемел адам», «Аңсау», А.Райымқұлованың музыкасына «Mankurt», Х.Шанғалиевтің музыкасына «Әлем» композициялары осылай дүниеге келген еді.

– Осы ретте сіздің тырнақ­алды еңбегіңіз – «Рух» феномені жайлы айтып                     беріңізші.

– Ер-азаматтың намысын оятатын, қанаттандырып, рух беретін ұлттық хореография­лық қойылым жасау туралы көптен бері ойлап жүрген едім. Осы биді қоятын кезде Абылай ханның тарихын зерттедім. Байқасаңыздар, бұл нөмірде әртістер үш жүз секілді үш топ болып билейді. Әрбіреуінің тотемдік жануарлар – қасқыр, бүркіт және тұлпар бейнеленген өзінің таңбалық костюмдері бар. Ортасында солист бастап, күннің астында бәрін біріктіруге тырысады, арада жанжал туындайды, соңында барлығы биік белесті алғандай болады. Әртістердің ортадағы солисті жоғары көтеруі Абылайдың хан сайланғанын білдіреді. «Рух» жетістігінің сыры бірінші кезекте музыкасы шығар. Қойылымды жасау кезінде «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблінің «Аманат» атты композициясынан мол шабыт алдым. Бәрі содан басталды, сондай-ақ біздің бай тарихымыз әсер етті. Сөйтіп, труппадағы жігіттерді жинап, бір аптаның ішінде қойып шықтым. Әртістер идеямды тез қағып алып, құлшыныспен жүзеге асырды. Олардың көзіндегі қызығушылықты көргенде одан сайын шабыттандым. Театрдағы жұмысымыздан бөлек, жаңа қойылымға дайындалдық. «Рух» әбден дайын болғанда, труппамыздың көркемдік жетекшісі Алтынай Абдуахимқызына жүгініп, «Бір би қойып едім, көрсетсем бола ма?» деп едім, ол бірден қолдай кетті. Сөйтіп, басшылыққа ұнап, костюмдер тігілді. Міне, «Рухтың» тарихы осылай басталған еді. Жуырда осы хореографиялық қойылымымның Мәскеуде Үлкен театрдың тарихи сахнасында таныстырылғаны – мен үшін естен кетпес оқиға.

– Сіз танымал балетмейс­тер Б.Эйфманның фестиваліне қатыстыңыз, сондай-ақ сіздің хореография­ңыз Қытайда мойындалды. Осы жайлы және түрлі шығармашылық алаңдағы тәжірибеңіз туралы әңгіме өрбітейікші.

– Ресейдің халық әртісі ­Борис Эйфманның би академиясы ұйымдастырған «Жас хорео­граф» бүкілресейлік фестивалі менің хореограф ретінде қатысқан алғашқы фестивалім болды. Онда «Mankurt» авторлық миниа­тюрам балет сыншыларының жоғары бағасын алған еді. Атақты хореограф әрі ұйымдастырушы Борис ­Эйфманның өзі: «Қазақтар, жарайсыңдар!» деп ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ ресейлік балет сыншылары Шыңғыс ­Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы мәңгүрттену сынды өте күрделі тақырыпты би тілінде ойдағыдай жеткізгеніме тәнті болды. Ляониндегі (ҚХР) балет әртіс­терінің бірінші халықаралық байқауында да қазылар алқасының құрамында балет өнерінің хас майталмандары болды. Әлем мойындаған сондай шеберлердің «Аңсау» атты жаңа нөмірім үшін маған «Үздік хореография» жүлдесін тағайындағаны – мен үшін үлкен мәртебе. Хореограф ретінде қатысқан қызықты жобалардың бірі – Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Онда жанымдағы екі ассистентім Айбар Тоқтар және Нима Токов­пен бірге «Астана Опера», «Астана Балет» театрларын, «Наз», «Бірлік», «Гүлдер» ансамбльдерін, одан бөлек сарбаздар мен Құрмет қарауыл ротасын біріктірген ауқымды көрініс қойдық. Әрине, 300-ден астам адаммен жұмыс істеу оңай болған жоқ. Бірақ қиыншылығына қарамастан, дайындық барысы өзіме қатты ұнады. Бұдан бөлек, Сингапурде «Чингай» жыл сайынғы жалпыұлттық шеруінде қою­шы хореограф ретінде еңбек еттім. Мұндай фестивальдер мен байқаулар, сан алуан жобалар шығармашылықпен айналысуға деген құлшынысымды одан сайын арттыра түседі.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Шыңдалудың шегі жоқ, сондықтан үнемі ізденіс­те жүремін. Адамдардың жүріс-тұрысынан, тіпті құлап бара жатқан сәтінен би элементтерін көремін. Негізі, мұның барлығы музыкаға байланысты. Қандай қимыл керек екенін музыка айтып тұрады. Қазіргі таңда мен заманауи композитор Хамит Шанғалиев­пен бірлесіп жұмыс істеудемін. Ол «Мәңгіліктің төрт сыры» атты жаңа бір актілі балетімнің музыкасын жазуда. Бұл спектакль арқылы бүгінгі қоғамда өзекті болып отырған ерлі-зайыптылардың арасындағы түсініспеушілік тақырыбын көтеруге тырыс­тым. Онда бес жұп махаббаттың бес кезеңін – бір-бірімен енді қосылған ғашықтардың құштарлығын, бара-бара үйренісуін, бірін-бірі зерттеуін, арадағы қақтығыстарды, шынайы бет-бейнелерінің ашылуын, ал ең соңында бір-бірін бар болмысымен қабылдап, мәңгілік махаббатқа қол жеткізуін би тілінде          баяндайды.

Сұхбаттасқан

Райхан РАХМЕТОВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button