«Дариға-дәурен» және ақын дауысы

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлының туғанына 75 жыл толуына арналған «Дариға-дәурен» атты еске алу кеші өтті.
Несіпбек Айтұлы – ел әдебиеті мен мәдениетінде өзіндік орны бар, өскелең ұрпақты елдік пен адамгершілікке тәрбиелеуде ерекше рөл атқарған дара тұлға. Кештің негізгі мақсаты ақынның рухани мұрасын дәріптеу және қазақ әдебиетінің құндылықтарын көпшілікке жеткізу болды.
Ақынның «Балалық» атты өлеңі 15 жасында Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде басылып, жиырмадан жаңа асқан шағында топтамасы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты жалт қаратып, оның алғысөзімен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарық көрді. Қазақ поэзиясында ешкім қайталай алмайтын өзіндік өрнек салған ақын балалар әдебиетінің дамуына да үлкен үлес қосып, 10 жыл «Балдырған» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі болды. Аударма өнерімен де айналысып, бірқатар шетел ақындарын қазақша сөйлетті. Соның ішінде шығыс шайыры Әлішер Науаидің әйгілі «Хамсасының» «Ескендір қорғаны», «Ләйлі-Мәжнүн» бөлімдерін тәржімалады. Бұл – Несіпбек Айтұлының ғана емес, қазақ поэзиясының табысы.
Әсіресе елорда руханиятының өрлеуіне қосқан үлесі мол. Бірталай жыл Жазушылар одағының Астана қалалық филиалын басқарып, Сәкен Сейфуллин музейінің директоры болды. Көптеген жас ақындардың бағын жандырған Астана күніне арналған мүшәйраның авторы да Несіпбек Айтұлы екенін айта кету керек.
Ақынды еске алу кешінде оның өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер әуеледі. Мұнда поэзия, музыка, күй және театр өнері бірігіп, ақынның философиялық терең ойлары, жүректі тербер лирикалары ұсынылды. Ақын жары Манат Жүкенқызына құрмет көрсетілді.
Несіпбек Айтұлының жырлары ұлттық бояуға бай, философиялық тереңдігімен ерекшеленеді. Оның әндерге жазылған өлеңдерінен қазақтың иісі аңқып тұрады. Соны тап басқан адамдардың бірі де бірегейі – көрнекті қаламгер, ғалым Ақселеу Сейдімбек. Екеуінің бірлестігінен «Сарыарқа» және «Дәурен-ай» секілді ғажап әндер дүниеге келді. Тұрсынжан Шапай Несіпбек ақынмен бірге «Арман», «Дариға-дәурен», «Сәуле-ғұмыр» атты триптих тудырды. Сондай-ақ Ермұрат Үсеновтің «Меруерт моншақ», «Жалт-жұлт еткен дүние» секілді әндері елге сүйкімді. Басқа да композиторлар Несіпбек Айтұлының өлеңдеріне ән жазды. Мәселен, Қазақстанның халық әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбек ақынмен көп жыл достық, шығармашылық байланыста болды. Кеште Секен күйші сол жөнінде сыр шертіп, «Секеннің қоңыры», «Өкініш» атты күйлерін шертіп берді.
Жалпы кеште Қазақстанның жетекші өнер шеберлері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, Несіпбек ақынның өлеңдеріне жазылған кейбір әндерінің тарихы тарқатылды. Жоғарыда аталған триптихті тыңдарманға жеткізген Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев осы әндерге тоқталып, оларды әуелетті. Бағлан Бәбіжанның «Ал құрбым» әні мәтінін ақын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаеваның өтінішімен жазды. Осы әнді әнші мен композитор авторы шырқады. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Елшібаева, Ерлан Рысқали, халықаралық және республикалық байқаулар лауреаттары Сәулежан Тақзия, Әйгерім Нартүйе, Өзгеріс Шерікбай, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Бибігүл Қилымхан, т. б. өнерпаздар өнер көрсетті. Елорданың «Жастар» театры мен Музыкалық жас көрермен театрының әртістері ақынның өлеңдерін оқыды.
Несіпбек Айтұлының өлеңіне жазылған рухты әннің бірі – «МузАрт» ансамблінің репертуарындағы «Қазақтай ел қайда» шығармасы. Жарылқасын Дәулеттің бұл туындысын Қазақстанның халық әртісі Айгүл Қосанова Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрінің домбырашыларымен салып, кешті түйіндеді.
Ақындардың алды едің
Арғымақтай жалды едің,
Ақындардың алды едің.
Кете алмады тірлікте
Алдыңды орап әлдекім.
Несібелі Несенім,
Адалдықпен дос едің.
Өлеңіңді оқысам,
Көңілімнің қошы едің.
Көп ішінде көсемім,
Топ ішінде шешенім.
Елемедің дұшпанның
Өкпесі мен өсегін.
Қай кезде де бірге едің,
Елдің қамын жесе кім?!
Құлагердей құйғытып,
Шабушы едің шаңдатып,
Қайдан келді кеселің?
Құстың тілін білуші ең,
Отқа түссең өртенбей,
Суға батпай жүруші ең.
…Айтып-айтпай не керек,
Тура келген ажалдың
Таба алмадың есебін.
Дастан қосып Дастанға,
Ұштың биік аспанға…
Жеңілмейтін Батырдай
Бес қаруын байланып,
…Ақырында қалдың сен
«Бәйтерекке» айналып!
Серік Тұрғынбекұлы
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



