Басты ақпаратҰлт ұпайы

Дарақылық дәстүр емес

Дәл қазіргі сәтте адамзаттың мыңдаған жылдар бойына жинаған қазынасының қақпағы ашылып, ата-бабаларымыз қазығын қағып берген құндылығымыз аяқ асты болып жатқанына күнделікті куә болып жүрміз. Ұлттық мәдениеттің құлдырауы мен құндылықтардың орын ауыстыру үрдісін бастан кешіріп жатқанымызды біреу сезсе, біреу сезбес. Бұл құбылыстың біздің жалпы тірлігімізде, адамдармен қарым-қатынасымызда, қоғамда дәуірлеп тұрғаны соншалықты қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін де ажырата алмай жатамыз. Ұлы дүрмектің екпініне қарсы тұрар қауқарымыз да қалмады, тіпті кейде ақыл таразысына салуға өреміз де жетпей қалады.

Осы бір құлдырау үрдісінің түптамырында жай пенденің менменшілдігі, астамшылығы алға шығып тұрғаны көрінеді. Олар көзсіз соқырлықпен жолындағы барлық шекара мен шектеуден аттап, алға қарай өңмеңдейді. Қарақан басының қалауы мен қанағатын ғана ойлаудан басталған тірлік бүкілхалықтық үрдіске айналуда. Солардың ісі мен әрекеті бұқаралық сипат алған сайын, «сенікі дұрыс» дейтін хәлге жеттік. Сол адамның пенделігі мен әлсіздігінің нәтижесі қазіргі әлеуметтік-мәдени кеңістікте нормаға айналып келеді. Одан кейін қара нөпірге қарсы шығып көр. Елмен бірге сол нөпірмен бірге адасып, бірге ағып, тарихи тамырымыздан үзіліп, одан әрі қарай бағытымыздан айырылып ақырында өзіміздің болмысымызды таптаймыз.

Кейде қоғамның дертін жазамыз деп, кісінің «қызықшылығын» көре алмайтындай көрінеміз. Сонда да айтпаса, сөздің атасы өледі дегендей, еститін құлақ болса айтудан жалықпаймыз.

Жақсысы мен жасығы араласқан, мағынасы бұрмаланған дүниелердің бірі той-томалағымыз, құдайы­-садақа, ас, басқа да рәсімдік ғұрыптар даңғаза-дақпырттың көзіне айналды. Қай-қайсысын алып қараса да пенденің астамшылығы менмұндалайды. Сол жиындарда орнын білмеген қариялар қутыңдап билеп, жастармен бірге жүз грамдатып, жағаласып жүр. Оны қоялық, кісі өлімі де азаға аз ұқсайды. Алдымен қызылды-жасылды, музыкамен әспеттеп, әдемі суреті басылған шақырудың өзі не тұрады? Бұрындары қазаны «Естірту» деген болатын, ендігі күні  жақыны чаттан оқып есінен танып жатады. Қазір жаназа да ас сияқты. Сауын айтып, хабар айтып, танитыны бар, танымайтыны бар ортақ чаттарға жіберіп, толтырып тастаймыз. Сонда марқұмның мынадай жақсылығы бар еді, соны айтып жатырмын деген ешкім жоқ. Елге белгілі тұлға болса түсінікті. Алайда жай ажалды пендені әлеуметтік желілерге өлгенін жеткізіп, шулату қиын емес, бірақ шын жан ашыған екі дүниенің ортасында жатқан марқұмды ойласа, ауырлау емес пе деп тартынар еді. Ас берудің де мәні болатын, хош, болсын делік. Берілсін. Мүмкін кезінде ашқұрсақ халықты бір тойдыру үшін де, көңілін көтерсін деп те небір дүбірлі астарды өткізген болар. Бірақ қазір халық аш емес, десек те аста-төк дастарқан болғасын, жаман қарын жарылсын деп жейміз. Семіздіктің дерт екенін ауру асқынғанда білеміз. Бұл күнде қарын емес, рухани әлеміміз аш екенін түсіне жақсы.

Иманымызға селкеу түсті. Аспанға қарап ұлығандар онсыз да әсте-әсте деп жүргендерді ислам жолынан жаң­ыл­дырмаса да алаңдатқызып қойды. Бәлкім, иманымыз беку үшін әлсіреп бара жатқан ислам ілімін жандырып, өзіміздің де рухани дүниемізді тазарту үшін құдайы­ны алдымен медреселерге, ондағы шәкірттердің біліміне бөлгеніміздің сауабы көп болар.

Жасымызда білінбейді, жас келген сайын өмірдің ба­зары тарқап, орта жолдан асқан кезде, қарманып рухани тірек іздейміз. Саналы түрде болмаса да мықтылардың қатарында көрінгіміз келетінін жасыр­маймыз. Соның бір мысалы ма білмеймін, әйтеуір зейнет жасына аман-есен жеткендер «Пайғамбар жасы» деген сөзге ілініп, 63 жасты тойлайтын болыпты. Қарапайым ғана мамандық иесі болып айтарлықтай, үлгі етерліктей нәтижеге жетпей-ақ, орден-мадель тақпай-ақ ел қатарлы нәпақасын тапса да, тіпті ғұмырының жартысын Кеңес одағы тараған соң жұмыссыз, бос әуремен жүріп өткізсе де, балалар қоймай жатыр деп той жасайтындар аз емес ел ішінде. Зейнетке шыққан жасы дегені өзіне лайықсыз, көзге қораш көрінген болар, содан да надандықтың құзынан құлағанда пайғамбарды ала кетіпті.

Адамның астамшылығында шек бар ма, «пайғамбар жасы» бірден сәнге айналып жапа-тармағай тойлауға кірістік. Астапыралла, сыра құйылған қырлы стаканды ұстап тұрып, қызыл сөздің ауыздығын бос қойғанда өзін адамзаттың соңғы елшісі, Алланың раббысына миығынан күліп қарап тұрғанын сезе ме екен?.. Христиан дініндегілер, әсіресе ер-азаматтар жаман ырымға балап, Иса пайғамбардың жаратушысының құзырына кеткен 33 жасын атап өтпейді. Осы қисынмен алсақ, 63 жас Мұхаммед пайғамбар с.ғ.с. дүниеден өткен жасы. Ал Пайғамбарлық 40 жасында келгенін мұсылман баласы білуі тиіс. Егер аса тақуа болса, сүйікті пайғамбарымыздың жасынан артық өмір сүргісі келмесе, Қожа Ахмет Ясауи сияқты қылуетке түссін, қалай айтсақ та бұл той тойлатын дата емес.

Бұл енді мерейтой тойлағыштардың ойлап тапқаны. Қазақша мерейтой деп аударған сөз – орыстың «юбилейі». Көне иврит тіліндегі «йовель» деген сөзден шығыпты. Яғни, қойдың мүйізіндей иірмүйіз сазды аспаптың дыбысын солай атайды екен. Бұл әрбір елу жылда келетін «азаттық жылын» хабарлаудың  әдісі екен. Осылайша, мерейтойларды тойлау дәстүрі ежелгі еврейлердің «азаттық жылы» тәжірибесінен бастау алып, кейін әртүрлі оқиғалар мен даталардың мерейтойларын атап өтуге тарайды.

Жарайды, солай болсын, бұл да адамның өміріндегі бір қызықшылығы шығар. Бала-шағасын жетілдіріп, ағайындарының ортасында жақсы өмір сүрсе неге тойламасқа? Кешегі Кеңес заманында елеу­лі тұлғалардың тек 50, 75, 100 жасы ғана мерейтой ретінде аталып, түрлі шара өтетін. Дегенмен, кеңес кезінен қалыптасып қалған мерейтой өткізудің жолын жеңілдетуге болмай ма? Ер-азамат алпыс жасын тойлап жатады. Алпыс – қазіргі күнде талтүс. Артыңа қарап көз салғанда не бітірдім дегенде күмілжіп қалмаймыз ба? Одан кейінгі жетпіс, сексен, тоқсанды да тойлауды Алла нәсіп етсін, бірақ, жай пенденің  дүниеге келді, оқып-өсті, жақсылы-жаманды қызмет етті, бала-шағаны асырады, мұның бәрінің даңғыратып той тойлауға моральдық құқысы бар ма? Неге елді сабылтып, сауын айтып, даңғаза шуды көбейтеді деген сұрақ тіліміздің  ұшында. Бірақ кісінің қызығын қызғанғандай болмайық деп әрі қарай үндемейік.

Соңғы 15-20 жылдағы қазақ қандай дегенде, той тойлап, даңғыраған сазға елітіп аласұрған үлкен-кішісі еске түседі. Иә, біз өзгеріп барамыз…

Айгүл УАЙС

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button