Дәстүрлі ем заманауи медицинамен үйлесе ме?

Ғылым – адамзат өркениетінің жүрегі, сол жүректің тоқтаусыз соғып тұруы үшін үздіксіз ізденіс пен табанды еңбек қажет. Міне, осы қарапайым қағиданы жан-тәнімен сезінетін, ғылымға ғашық жанның бірі – Тұрсынжан ТОҚАЙ. Франция мен Германияда жүйке жүйесінің жұмбағын зерттеп, биомедицина саласында әлемдік деңгейде танылған ғалым 2014 жылы атажұртқа оралып, Назарбаев университетінде зертханалық ізденістермен қатар, шәкірт тәрбиелеп, қазақ ғылымына елеулі үлес қосып келеді. Тұрсынжан Тоқаймен өрбіген сұхбатымыз отандық ғылымның жай-күйі, дәстүрлі медицина мен қазіргі биомедицинаның ықпалдасуы және жүйке жүйесін зерттеудің болашағы жайлы.
Ғылым жолындағы құлшыныс
– Өнерден гөрі өлеңге құштар біздің елде ақын-жазушыларды жұрттың көбі танығанмен, ғылыммен айналысып, көп уақыты зертханада өтетін ғалымдарды біле бермейді. Сондықтан сұхбатымыздың басын еңбек жолыңызды қысқаша таныстырудан бастағанымыз орынды секілді.
– Мен 1999 жылы «Қытай ұлттық стипендиялық кеңесінің» грантын жеңіп алып, Францияның Руан қаласындағы Ұлттық денсаулық сақтау және медициналық ғылыми зерттеу институтының (Inserm) құрамындағы Клеткалық және молекулалық нейроэндокринология зертханасында ғылыми қызметкер ретінде жұмысымды бастадым. Осы кезде доктор Тонон және доктор Водри сынды әлемге танымал ғалымдардың жетекшілігімен зерттеулер жүргіздім. 2001 жылдың наурызынан бастап «Бета-амилоидтың жұлдызша нерв клеткаларынан эндозепинді шығаруға әсері: формил 1-пептид рецепторларының рөлі» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, 2004 жылдың қазан айында нейробиология ғылымдарының докторы атандым. Ал Германиядағы ғылыми қызметім 2005 жылдың соңында басталды. Германияның Федералдық білім және ғылым министрлігінің (BMBF) «D-серин арқылы жүзеге асатын синапстық өткізгіштік пен NMDA рецепторына тәуелді синапстық икемділіктің есте сақтау функциясына және неврологиялық ауруларда кездесетін когнитивтік бұзылыстарға әсері» тақырыбындағы ірі жобасына бас зерттеушілердің бірі ретінде шақырылдым. Бұл жоба Росток университетінің Оскар Лангендорф физиология институтында жүзеге асырылып, шамамен үш жылға созылды. 2009-2010 жылдары университеттің екі ғылыми грантын (FORUN) жеңіп алдым әрі 2009 жылы Росток университетінің тұрақты қызметкері болып тағайындалдым. Сондай-ақ Оскар Лангендорф физиология институтында доцент ретінде оқытумен айналыстым. 2011 жылы Германияда «Реактивті оттегі түрлері (ROS) және қартаю динамикасы: митохондриялық көпгенді, көпорганды тәсіл» атты тағы бір ірі BMBF жобасына қатыстым. Екі елдегі зерттеу жұмыстарым ғылым жолындағы ізденісіме үлкен жол ашты. Мәселен, Германияда биомедициналық оқыту және зерттеу саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, әлемге танымал ғылыми журналдарда ағылшын тілінде 27 ғылыми мақала жариялап, халықаралық ғылыми конференцияларда бірнеше тілде 35 баяндама жасадым. Сонымен қатар халықаралық 2 ғылыми журналдың сарапшысы, 3 ғылыми қоғамның мүшесі және 3 ғылыми сыйлықтың иегері атандым.
– Қазақстанға қалай келдіңіз?
– «Бір тамса да бикеме тамсын» деген оймен өз елімнің ғылымына үлес қосу үшін 2014 жылдың шілде айында Қазақстанға келдім. Көп ұзамай Назарбаев университетінің «Өмір туралы ғылымдар орталығына» ғылыми жетекші болып тағайындалдым. Қазір, негізінен, биомедицина саласындағы зерттеулерді басқарып, зерттеу жүргізіп жатырмын. Екінші тұрғыдан, шетелде үйренген білімімді, жинақтаған тәжірибемді отандық ғылым мен білім беру жүйесіне енгізуге күш салып жүрмін. Біраз шәкірт тәрбиеледім, олардың алды еліміздің биомедицина саласының дамуына өз үлесін қосып жүр.
Ғылымға жұмсаған қаржының қайыры мол
– Елімізде ғалымдарға жасалып жатқан жағдай қалай? Ғылыми зерттеулер жүргізуге қолайлы ма?
– Ғалымдар тиімді жұмыс істеуі үшін екі негізгі шарт қамтамасыз етілуі қажет: бірі – тұрақты қаржыландыру, екіншісі – зерттеу жабдықтары мен қондырғыларға қолжетімділік. Біздің елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанмен, әлі де қанағаттанарлық деңгейге жеткен жоқ. Жалпы инвестиция мөлшері әлемдік көшбасшы елдермен салыстырғанда жоқтың қасы. Яғни Қазақстан бұл салаға GDP-дің 0,2%-ын ғана жұмсайды, бұл орташа әлемдік деңгейден (-2,5%) айтарлықтай төмен. Көрші елдерде, мәселен, Ресейде бұл көрсеткіш 1,1% болса, Қытайда 2,4%-ды құрайды. Ал қолайлылық жағына келсек, біздің елде ғылымға қажетті барлық қолайлылық жасалған деп айта алмаймын. Зерттеуге қажетті құрал-жабдықтарды, материалдарды және реагенттерді сатып алу өте қиын. Бағасы да қымбат. Біз халықты ғылым-технологияға ынталандыратын, ғылыми зерттеуді көбірек қаржыландыратын, оған тиісті шарт-жағдай жасайтын және оқу-ағартуы ғылымға негізделген елдер қатарына өтуге талпынуымыз керек. Ғылымға бейімделген ел құру өзіміздің де, әлемнің де өркениетінің дамуына тиімді екені айтпаса да түсінікті.
– Сіз неврология саласындағы зерттеулеріңізде қазақ даласындағы өсімдіктердің емдік қасиеттеріне назар аударып, ермен, жусанды пайдаланып, талма (эпилепсия) ауруларын емдеу әдісін зерттегеніңіз белгілі. Қазақ емшілігін халық арасындағы қарапайым емсектік деп қарайтын Қазақстанда бұл зерттеуіңізге қызығушылық бар ма?
– Әрине, бар, өйткені биоәртүрлілікті зерттеу және одан игіліктену қазіргі заманда үлкен маңызға ие, сондай-ақ ол – ғылыми зерттеулердің жаңа бағытының бірі. Ал дәстүрлі медицина мен қазіргі заман медицинасын тоғыстыру әлемнің көптеген елінде қазірдің өзінде жүзеге асып жатыр. Интегративті медицина ретінде белгілі бұл тәсіл денсаулық сақтау нәтижелерін жақсарту үшін дәлелді дәстүрлі тәжірибелерді заманауи медициналық емдеу әдістерімен біріктіреді. Бұл жайлы көптеген мысалды тілге тиек етуге болады. Қытайда дәстүрлі қытай медицинасы батыс медицинасымен қатар ауруханаларда біріккен, әсіресе ауырғанды басу, қатерлі ісікті емдеу және созылмалы аурулар үшін бұл тәсілдің өнімі өте керемет. Үндістанда Аюрведа мен заманауи медицина қатар қолданылады, шөптік қосылыстар (мысалы, куркума/куркумин) бойынша зерттеулер фармацевтикаға біріктірілген.
– Қазақ дәстүрлі медицинасы мен қазіргі заман медицинасының тоғысуы мүмкін бе?
– Дәстүрлі қазақ медицинасы мен қазіргі заман медицинасының тоғысуға ықтимал бағыттары бар. Мәселен, ақтың (сүт, іркіт, қымыз, шұбат және айран) жалпы денсаулыққа пайдасын алсақ, ішектегі микробиома деп аталатын жай көзге көрінбейтін микробтардың ас қорытуға, төтемелі қуатқа, қалыпты зат алмасуды сақтауға және миға пайдалы екені ғылыми тұрғыдан әлдеқашан дәлелденген. Ал созылмалы ауруды шөптік препараттармен емдеуге келсек, шөп дәрілер және фармацевтикалық препараттардың көбі, яғни 30%-ы заманауи препараттар өсімдік негізіндегі қосылыстардан (мысалы, талдың қабығынан алынған аспирин, қытай медицинасындағы безгекке қарсы артемизинин) шығады. Мұны неге айтып отырмын, сүт өнімдерін қазақ тек тамақ, сусын ретінде ғана емес, зәруге дәру ретінде де пайдаланған. Кейбір ауруларды қымызбен емдеген. Қымыздың дайындалуына қарай оны әртүрлі сырқатқа ем ретінде ғасырлар бойы пайдаланып келді. Осы тұрғыдан алғанда, қазақтың тағам мәдениетінің өзінде ұлттық медициналық білім жатыр. Енді осы қымбат қазынаны қазіргі заман ғылымы арқылы ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, келешек ұрпақтың да кәдесіне жаратуымыз керек. Ал шөппен емдеуге келсек, қазақ бұрын аурудың көбінің емін табиғаттан тапқан. Біз сол мұрадан көз жазып қалмау үшін оны осы заманғы медицинамен бірлестіріп зерттеуіміз керек. Өйткені бұл дәрілер өсімдіктерден алынатындықтан, құрамында химиялық қоспалар аз немесе мүлдем болмайды. Бұл олардың ағзаға жұмсақ әрі жанама әсері аз болуына мүмкіндік береді. Екіншіден, шөп дәрілердің көбіне ағзаның тек бір мүшесіне емес, бүкіл жүйесіне әсер етіп, иммунитетті күшейту, зат алмасуды жақсарту сияқты кешенді пайдасы бар. Қазақстанда жусан, адыраспан, изен сияқты өсімдік қосылыстары келешекте қант диабеті, ревматизм, жүйке жүйесінің тозуы және психикалық ауытқулар сияқты ауруларды емдеуі немесе емдеудің заманауи әдістерімен бірлесуі мүмкін.
– Қазақ ұлтының дәстүрлі медицинасында әлемді мойындатқан жетістік ретінде қай ерекшелігін жоғары бағалар едіңіз?
– Біз бұрынғының бәрін «дәстүрлі» деп шетке қаға бермеуіміз керек. Бүгінгі медицина аспаннан түскен жоқ, сол халық арасында жинақталған емдеу тәжірибесі негізінде ғылыми дәлелдеуден өткен соң, қолданысқа енді. Демек, біздің де ұлттық құндылықтарымызды ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, әлемдік деңгейде танытатын кез келді. Мәселен, қазақтың генетикалық аурулардың алдын алу жағындағы, яғни жақын туыстар ара некелену мен генетикалық бұзылулардың (соның ішінде туа біткен жүрек ауруларының, бүйрек ауруларының және сирек кездесетін қан ауруларының (гемофилия)) арасындағы байланысқа қатысты жеткілікті ғылыми дәлел бар. Қазақтың жеті атадан аспай қыз алыспайтын дәстүрі – әлемдік деңгейде ұлықталатын ерекше қасиет. Ғылым да жақын туыстар некеленсе, өмірге сау денелі ұрпақ әкелу қиын екенін әлдеқашан дәлелдеді. Мен ғылым, білім дамымаған дәуірде қан тазалығын сақтауға баса назар аударған ата-бабаларымызды нағыз данышпан деп бағалаймын.
Қазақтың оташылық өнері – халқымыздың дәстүрлі шипагерлік тәжірибесінің бір саласы. Бұл өнер ежелден келе жатқан халық медицинасында ерекше орын алады. Қазақ оташылары бұрын жілігі үгітіліп кеткен адамның аяғына жас ботаның жілігін салып ақаусыз емдеп жазған. Қазіргідей темір салып шегелемей, гипс қатырып қинамай-ақ, сынықты орнына келтіріп, сормақта тартып, шабақтап таңып сауықтырудың өзі үлкен өнер. Мәселен, Қытайдағы әріптесім Жасарат деген дәрігер жамбас сүйектерінің туа бітті шығып кетуін қазақы тәсілмен емдеп, ақаусыз жазады; Тұрсынхан деген сынықшы шор болып қисық біткен сүйекті қазақы әдіспен емдеп, қайта қалпына келтіреді. Міне, осы әдістерді неге бүгінгі емдеу әдістерімен бірлестірмеске?! Қытай да бұған әлдеқашан назар аударып, осы заманғы емдеумен сәйкестіре дамытуда. Меніңше, Қазақстанның емдеу саласы да бұл тәжірибені ескеру керек. Алайда осы дәстүрлі өнердің заманауи медицинамен үндесіп, дамуына бірқатар қиындық-кедергі келтіреді. Біріншіден, дәстүрлі емдеу тәжірибелерінде қатаң клиникалық сынақтардың болмауы олардың қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеуді қиындатады. Сондықтан қазақ оташылығының әдістерін ғылыми тұрғыдан зерделеп, стандарттау қажеттігі туындап отыр. Екіншіден, көптеген халық емінің ғылыми дәлелдері мен фармакологиялық дәлелдері жетіспейді. Бұл да олардың заманауи медициналық жүйеге енгізілуін тежейді. Үшіншіден, қазіргі медицинада дәстүрлі шипагерлік тәсілдерді біріктіру үшін дәрігерлерге арнайы дайындық, қосымша оқу бағдарламалары қажет. Тек осындай жүйелі қадамдар арқылы ғана ата-бабадан жеткен емшілік өнерді бүгінгі ғылыммен сабақтастырып, оны адам денсаулығына қызмет ететін пәрменді құралға айналдыруға болады.
Қара ерменнің құпиясы көп
– Қазіргі таңда қандай зерттеулермен айналысып жүрсіз? Соңғы ашқан жаңалығыңыз қандай?
– Бірнеше тақырып бойынша зерттеу жұмысын жалғастырып жатырмыз. Оның бірі – Нидерланд ғалымдарымен бірлесе зерттеп жатқан «Паркинсон ауруын емдеу жайлы жоба» болса, екінші жоба – «Қара ерменмен ми ісіктерін емдеу. Екі зерттеу бойынша біз біраз нәтижеге қол жеткіздік десек болады. Әсіресе, қызыл ерменмен талма ауруын емдеу жайындағы тәжірибеміз өте сәтті. Сосын да біз қазір қара ермен сығындысының эпилепсиямен ауыратын тышқандардың ми жасушаларына болған әсерін жалғасты зерттеудеміз.
Қазық қақсаң тал шығатын, шөбін тартсаң май шығатын Қазақстанда шөптің түрі өте көп. Дәрі шөпке бай елміз. Тек жусанның 250-ден астам түрі бар. Ал біздің жусанды зерттеуге назар аударуымызға қытайлық Тую Ю деген ғалымның жусанның Artemisia Annua (青蒿) деген түрін пайдаланып, безгек ауруын емдеп, Нобель сыйлығын алғаны себеп болды. Екіншіден, Германияда халық емшілері қара ерменнің тамырын пайдаланып, талма ауруын емдеген. Осы екі нәрсе – біздің зерттеуді бастауымызға үлкен түрткі. Қазақстанда жусанның түрі көп әрі қуатты болатындықтан, осы өсімдікті зерттеп, эпилепсияны емдеудегі рөлін зерттеп, керемет нәтижеге қол жеткіздік. Келешекте осы ерменнің сығындысынан алған биологиялық белсенді заттарды жалғасты зерттеп, дәрі жасауға құлшынудамыз. Қазірге дейін 3 үлкен сынағымыз сәтті өтті. Көп ұзамай бұл дәрі жасалады деген ойдамын.
Қазақ даласында дәрілік шөптер өте көп. Біз осыған назар аударуымыз керек. Тіпті болашақта Қазақстанда дәрі шөптер арнаулы егілетін егіс алаңдары пайда болуы мүмкін. Қазір Қытайда шөпті салсаң, оның құрамын бірнеше минутқа жеткізбей анықтап беретін аспаптар жасалды. Бізге де осы техникалар керек. Қазақ емшілігінде қолданылатын шөп дәрілердің құрамын ғылыми тұрғыдан талдап, дәрілік қасиетін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, оны осы заманғы емдеу әдістерімен ұштастырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Сұхбаттасқан
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ