Қоғам

Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның

Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңмен айырмашылығын  бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өзі – Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.

Тарих беттерін парақтап қарасақ, басқыншы елдердің бодан жұрттың айырым белгілерін, дәстүрлерін ұмыттыруға тырысқандығын көреміз. Сосын оларға өздерінің тілі мен  дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенің дәстүрін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың  өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруге тыйым салған. Қазақ халқының ислам дінімен таныс болғанына  мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырасмас бөлігіне айналды.

Ислам шариғаты дұрыс ұғымдардың, ізгі мұраттарды бекітіп, бұрыс ұғымдарды тоқтату үшін келді. Сондықтан мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты безбен шариғат болып саналады. Халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптар ислам заңнамасындағы құқықтық нормалардың бастауларының бірі болып саналады. Алла Тағала Құранда: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» деп бұйырған. («Ағраф» сүресі, 199-аят).

Асылында, біз қарас­тырып отырған қазақ тіліндегі ғұрып, әдет сөздерінің  түп-негізі араб тілінен шыққан. Мұның өзі халқымыздың  шариғатпен сонау ықылым заманнан бері таныс болғанын білдіреді. Енді осы сөздерге жеке-жеке тоқталып, анықтамасын айқындап алайық. Қазақша «ғұрып» сөзі «әл-урф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағынаны білдіреді, «Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер». «Әдет» сөзі арабтың «әл-аада» сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істерді білдіреді. Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір деуге болады. Кейбір шариғат кітаптарында  «урф» сөздерін қолданса, енді біреулерінде «әл-аал» сөзіне басымдық берілген. «Дәстүр» сөзі де – арабша «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бір елдің конституциясы деген мағынада қолданылады. Сірә, қазақ даласында ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр  деп аталса керек. Содан соң ата-баба дәстүрі, салт-дәстүр деген ұғымдар пайда болған жоғарыда аталған шариғат терминдерінің тілімізге ежелден еніп, кейіннен ауыспалы мағыналарда қолданылуы осындай пікірге жетелейді. Бұл жерде айқындап алуға тиісті бір мәселе бар. Әдетте қазақ тілінде салт-дәстүр, әдет-ғұрып деген сөз тіркестерінің мағынасы бір. Сондықтан халық арасында қалыптасқан, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданылатын мәдени ерекшеліктер ретінде қарастырылады. Ханафи мәзһабының ғұламасы Ибн Абидин әдетке мынадай анықтама берген. «Әдет деген сөздің негізі көп қайталанатындықтан үйреншікті іске айналған, адамдар арасында ешбір түсіндіруді қажет етпейтін танымал болған, шынайы ғұрыпқа айналған істер дегенді білдіреді». Демек, шариғат қабыл алатын ғұрып, әдет дегеніміз – адамның табиғатына танымал, ақыл да, заң да, адамгершілік таразысы да құптайтын оң істер.

«Бабалар ізімен

қазақ даласындағы мұсылмандық

мектеп» кітабынан

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button