Әлеумет

Дәстүрді дәріптеген лагерь

Астанадағы №97 мектеп-гимназия жанынан «Атамекен» этнолагері жұмыс істеп тұр. Мұнда оқушылар қол­өнермен айналысуды, ұлттық ойындар ойнауды және қазақтың ұлттық тағамдарын дайындауды үйреніп жүр. Лагерь жұмыс істеген уақыт ішінде 5-7-сыныпта оқитын 40-қа жуық оқушы түрлі дағдыны меңгерген.

– Бұл лагерді ұйымдастыру барысында барлық нәрсені егжей-­тегжейлі ойластырдық. Балалардың уақытты қызықты әрі пайдалы өткізуі үшін ұстаздарымыз оларға жүн түтудің, киіз басудың жолын үйретуді жөн көрді. Киіз үйде қыз­дар мұғалімдердің жетекшілігімен бауырсақ, құрт дайындайды. Қол­өнер мен тағам әзірлеу кезінде сау­сақтардың жұмыс істеуі ұсақ моториканың дамуына оң әсер етеді. Біз бауырсақты қалай дұрыс пісіру, самау­рынды қалай қайнату керек екенін көрсетеміз. Ал ептілікті дамыту үшін дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері оқушыларға асық ату, садақ ату, арқан тарту ойындарын үйретеді. Этнолагерге оқушылардың ата-аналары да қызығушылық танытып отыр. Олар балалардың бұл жерде уақытын тиімді өткізіп жатқанын көріп өте риза. Кейбір әжелер де ерікті түрде ұстаздарға көмектесіп, өз шеберлігін көрсетуде, – деді мектеп-гимназияның тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Айгүл Біржанова мен Гүлжазира Нұржанова.

«Мұнда бәрі ұнайды, өзіме көп дос таптым. Мұғалімдеріміз бізге құрт жасау мен бауырсақ пісіруді үйретеді. Дайын болған соң мұғалімдермен бірге шай ішеміз, әжелеріміздің әңгімесін тыңдаймыз. Ұлттық тағамдар туралы жан-жақты мәлімет алдық. Сонымен қатар үйімізге бауырсақ пен құрт алып кетеміз. Туған-туыстарым қатты таңғалды, ал оны өз қолыммен пісіргенімді білгенде қуана жейді. Тіпті рецептін сұрап жататындар да бар» деді лагерден алған әсерімен бөліскен 5-сынып оқушысы Айзере Нұрлыбай.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button