Елорда тынысы

Дәрігерлер есігін айқара ашты

Астана қаласындағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында ашық есік күні өтті. «Дәрігер – балалардың жанашыры» республикалық акциясы аясында травматолог-ортопед мамандары 100-ден астам баланы қабылдады.

«Қазіргі кезде балалар арасында сколиоз, жалпақ табан аурулары жиілеп кетті. Ертерек ем басталмаса, жағдай асқынып, ота жасауға дейін алып барады. Қатердің алдын алу, емделу шараларын қолға алу үшін ашық есік күнін ұйымдастырдық. Мамандар күнделікті қабылдау шараларын өткізеді. 100-ден астам бала травматологтарға қаралуға тіркелді» дейді №2 қалалық балалар ауруханасы директорының медициналық қызмет сапасын бақылау және стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Медет ­Нұғманов.

Балаларды қабылдауға травматолог-ортопедтердің 6 бөлмесі есігін айқара ашты. Бірінен соң бірі кезексіз кіріп жатқан ата-аналар ақ халатты жандарға алғыс жаудырды.

«Екі қызымды қаралуға алып келдім. Ортопедтің кезегіне жазылу үшін сайтқа кіріп, 1 минуттың ішінде өтінім бердім. Мұндағы мамандар өте білікті, тәжірибелі екен. Кезекке сағаттап тұрып шаршамадық» дейді қала тұрғыны Алмагүл Нұртайқызы.

Бұл шара халықтың медициналық сауатын арттырып, жарақат пен асқынулардың алдын алуға бағытталды. Ашық есік күнінің арқасында тұрғындар дәрігерлермен еркін сөйлесіп, сұрақтарына жауап алды. Травматология бөлімінің дәрігерлері алдағы уақытта осындай іс-шараларды жиі өткізуге ниетті.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button