
Ертең – медицина қызметкерлерінің күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда төрінде ақ халатты абзал жандарды қабылдап, төл мерекелерімен құттықтады. Президент медицина қызметкерлері бейбіт күннің батырлары деген атаққа лайықты екенін атап өтіп, дәрігерлер қауымына ризашылығын білдірді. Салтанатты жиын барысында бір топ дәрігерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Астана – еліміздің саяси, мәдени, экономикалық әрі рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ заманауи медицина мен жоғары технологиялар тоғысқан ірі емдеу орталығына айналып келеді. Қала әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасы бұл бағытта ауқымды жобаларды жүзеге асырып, халықтың денсаулығын қорғауға арналған тың бастамаларды қолға алып отыр.
Қазіргі таңда Астанадағы Денсаулық сақтау басқармасына қарасты 31 мемлекеттік медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде 14 емхана, 11 стационар және 6 басқа ұйым бар. Бұл ұйымдарда 4 мыңға жуық дәрігер мен 7 мыңнан астам мейірбике еңбек етуде.
Саланы жетілдіру үшін жаңа нысандардың құрылысы да қарқын алған. Қазіргі уақытта Алматы және Сарыарқа аудандарында 250 төсектік екі перинаталдық орталық, Сарыарқа ауданында 300 төсектік көпбейінді қалалық аурухана, «Отау» тұрғын үй кешенінде жаңа емхана, Өндіріс шағын ауданында дәрігерлік амбулатория салынуда. Сонымен қатар, жеке инвестициялар арқылы 4 жаңа емхана мен Алматы, Байқоңыр, Нұра аудандарында жедел жәрдем қосалқы станциялары бой көтеруде. Бұған қоса, №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешеннің құрылысы жүріп жатыр.
Астана қаласы бүгінде медициналық туризмді дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Қала әкімдігі мен басқарманың бастамасымен елорда халықаралық деңгейдегі медициналық хабқа айналуға күш салуда.
Мамандардың айтуынша, Астана қаласы бойынша стоматология, кардиохирургия, нейрохирургия, имплантация, ЭКО ұрықтандыру, онкология, косметикалық хирургия секілді қызметтер халықаралық стандарттарға сай жолға қойылған. Бұл салалар – елімізге келетін медициналық туристер үшін тартымды бағыттардың қатарында. Шетел азаматтарын, ең алдымен, Қазақстандағы стоматологиялық қызметтің сапасы мен бағасы қызықтырады. Мәселен, Еуропамен салыстырғанда біздегі тіс емдеу бағасы 10-15 есе арзан. Ал диагностикалық қызметтер Ресейден 1,5 есе, Германия мен Израильден 3 есе арзан.
2024 жылы елге келген медициналық туристердің басым бөлігі Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Еуропа елдерінен болған. Олардың арасында косметикалық және пластикалық хирургияға, сондай-ақ репродуктивті медицина мен балаларды оңалту қызметтеріне сұраныс жоғары.
Астана қаласы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық туризмді дамыту, озық технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында қарқынды жұмыс жүргізіп отыр. Медициналық қызмет сапасы мен мамандардың кәсіби әлеуеті – елордамызды өңірлік әрі халықаралық медициналық хабқа айналдырудың негізгі тетігіне айналмақ.
Алдағы уақытта Астана әкімдігі медициналық туризмді одан әрі ілгерілету үшін халықаралық көрмелер мен таныстыру турларын өткізуді жоспарлап отыр. Бұл қадамдар елорда медицинасын жаңа деңгейге көтеріп, өңірлік ғана емес, халықаралық аренада да беделін арттыра түспек.
Астана медицинасы – жай ғана емдеу мекемелері жиынтығы емес, ол – сенімділік пен сапаның, үміт пен нәтиженің символына айналуда. Елорданың емделушілер үшін сенімді мекенге айналуы – бұл салаға жасалған инвестиция мен жүйелі еңбектің жемісі.