Елорда тынысы

Дәрігер қауіпсіздігі маңызды

Астана қаласының 6 стационарында медицина жұмыс­керлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы қызмет көрсететін күзет бекеті ұйымдастырылды.

Аталған шара пациенттермен бірге келетін адамдардың медициналық персоналға шабуыл жасау жағдайының жиілеуіне байланысты қабылданды. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, күзетті ІІМ жүйесіне кіретін Полиция департаменті жанындағы мамандандырылған күзет қызметінің маман­дары қамтамасыз етеді.

«Медицина жұмыскерлерін құ­қықтық тұрғыдан қорғауды күшейту және қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мақсатында Полиция департаментімен бірлесіп тәулік бойы күзет бекеті ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері оқыс оқиғалар жиі болатын қабылдау бөлмелерінде кезекшілік қызметін атқарады. Азаматтардың құқыққа қайшы келетін әрекеті туындаған жағдайда, полиция қызметкерлері олардың алдын алу үшін заң аясында әрекет етуге құқылы. Соңғы кездері дәрігерлерге қатысты негізсіз сипаттағы агрессия жағдайлары жиі болады. Дәрігер ауыр жарақат алған Қостанай облысындағы соңғы резонанстық жағдай осындай шаралардың қажет екенін растайды» дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қадыр Жарасбаев.

Бүгінде күзет бекеттері ересектерге арналған 3 қалалық көпсалалы ауруханада, №2 қалалық балалар ауруханасында және 2 республикалық клиникада ұйымдастырылды. Жақын арада Полиция департаментімен бірлесіп №1 және №3 көпсалалы балалар ауруханаларында, сондай-ақ қалалық перинаталдық орталықта күзет бекетін орнату мәселесі пысықталуда. Медицина жұмыскерлері аталған бас­таманы қолдап, оның қауіпсіз және тұрақты жұмыс ортасын құруға ықпал ететінін атап өтті.

«Қауіпсіздік бекеті – біздің іс жүзінде қорғалғанымыздың белгісі. Қабылдау бөлімінде тәулігіне түрлі жарақаты бар, әртүрлі жағдайды басынан өткерген 400-ге жуық адам жүгінеді. Біз пациенттердің ғана емес, сонымен қатар олардың туыс­тарының да агрессиясына тап боламыз. Барлығы шұғыл көмекті қажет етеді, ал медициналық көмек Triage сұрыптау жүйесі бойынша жүзеге асырылатыны ескерілмейді. Әр па­циенттің өзіндік «басымдық дәрежесі» бар. Бірақ өкінішке қарай, дәрігерге деген құрмет жоқ» деді №2 көпсалалы қалалық аурухананың ­қабылдау бөлімінің меңгерушісі ­Мәдина Табылдықызы.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button