Дәлдік пен табандылық

Астана қаласы Полиция департаменті Жедел криминалистикалық басқармасының криминалисі, полиция майоры Зарина Байбуллина – қылмыстың жасырын ізін тауып, үнсіз дәлелдерді сөйлете білетін білікті маман.
Ол жастайынан ұқыптылық пен жауапкершілікті серік етті. Мектепті аяқтаған соң Еуразия ұлттық университетінде биотехнология мамандығын меңгерді. Ғылыми ізденіс пен зертханалық дәлдікке негізделген білім оның кәсіби қалыптасуына берік іргетас қалады. Еңбек жолын Ұлттық биотехнология орталығында бастап, бір жарым жыл ғылыми тәжірибе жинақтады. 2008 жылы Ішкі істер органдарына қызметке келіп, құқық қорғау саласын таңдады. Сол уақыттан бері криминалистика саласында табанды еңбек етіп келеді.
Криминалистика – асқан мұқияттылық пен төзімділікті талап ететін сала. Қылмыс орнында көзге көрінбейтін іздің өзі істің шешуші дәлеліне айналуы мүмкін. Зарина оқиға орнына шығып, айғақ заттарды бекітеді, саусақ іздерін, биологиялық және микробөлшек үлгілерін жинайды. Әрбір дәлел арнайы талаптарға сай рәсімделіп, зертханаға жолданады.
Зертханада ол заманауи криминалистикалық құрал-жабдықтарды пайдаланып, саусақ іздерін салыстырады, түрлі беттерден алынған іздерді айқындайды, сараптамалар жүргізеді. Оның кәсіби шеберлігінің арқасында талай қылмыстың беті ашылып, кінәлі тұлғалардың жауапкершілікке тартылуына нақты дәлелдер ұсынылды.
«Криминалист үшін ұсақ-түйек болмайды. Әрбір із – ақиқатқа бастар жол» дейді полиция майоры.
Зарина Байбуллина – құқық қорғау саласындағы әулеттің лайықты жалғасы. Әкесі – Ішкі істер органдарының зейнеткері, жолдасы да – полиция қызметкері. Бұл отбасында тәртіп пен заңға адалдық – басты құндылық.
Ол – төрт баланың анасы. Қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүру – үлкен табандылықты талап етеді. Соған қарамастан, ол аналық мейірім мен кәсіби міндетті үйлестіре біледі. Бос уақытында моншақтармен сәнді сөмкелер
тігіп, бисерден нәзік әшекей бұйымдар жасайды. Ұсақ бөлшектермен жұмыс істеудегі шыдамдылық пен дәлдік оның кәсіби болмысымен үндесіп жатыр. Қылмыс орнында дәлдік қажет болса, қолөнерде нәзіктік керек. Осы екі қыр оның жан-жақты, шығармашыл тұлға екенін айқындайды.
Полиция майоры – антына берік, кәсібіне адал, отбасына қамқор жан. Осындай мамандардың еңбегі ел тыныштығы мен заң үстемдігінің берік болуына қызмет етіп келеді.



