Елорда тынысы

Дәйекті диалог алаңы

Кеше ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бастамасымен мемлекеттік қызмет жүйесіндегі адами ресурстарды басқарудың өзекті мәселелеріне арналған халықаралық GovHR форумы өтті.

Бұған БҰҰ өкілі, Катар Мем­лекеттік қызмет және кадр­лық әлеуетті дамыту бюросының директоры Саиф Аль-Кааби, Моңғолия Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі кеңестің төрағасы Цэдэвсурэн Лхагва, Сьерра-Леоне Адами ресурстарды басқару кеңсесінің бас директоры Ансу Такер, Тәжікстан Респуб­ликасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қыз­мет агенттігінің директоры Илёс Идрисзода, сондай-ақ АҚШ, Әзербайжан, БАӘ, Қырғызстан, Марокко, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей, Руанда, Сингапур, Түрікменстан сияқ­ты әріптес елдердің уәкілетті орган басшылары мен жетекші мамандары және сарапшылары қатысты.

Іс-шарада Қазақстан Рес­публикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың форумның ашылуына орай жолдаған құттықтау хатын оқыды.

Дархан Жазықбай мемлекеттік басқару жүйесін жаң­ғыр­туда Президент тілге тиек еткен «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» іргелі қағидаты басшылыққа алынғанын атап өтті. Ал форумның басты тақырыбы мем­лекеттік секторда тиімді, адамға бағдарланған басқару жүйесін дамытуға арналды. Сондай-ақ форумда стратегия­лық HR-жүйесін қалыптас­тыру, кадрлық процестерді цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу, жас мамандарды қолдау және мемлекеттік органдардағы басшылардың рөлін трансформациялау мәселелеріне бас­ты назар аударылды.

«Бүгінгідей форум алаңы халықаралық байланысты ны­ғайтып, тәжірибе алмасу­да үлкен мүмкіндікке жол ашады. Әрі тұрақты өткізу ар­қылы сіздермен жиі бас қосып, ортақ тәжірибе алмасу жұмыстары жалғасады. Бүгін біз адам ресурс­тарын басқарудың кешенді мәселелерін талқыладық. Тәжірибе мен ғылыми сараптамаға негізделген көп ой ортаға салынып, құнды ұсыныс­тар айтылды. Бүгінгі форум – тек білім мен тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, озық шешімдерді енгізуге және мемлекеттік қызмет саласында кәсіби қауымдастықты қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды деп ойлаймын» деді Агенттік төрағасы.

Форумда жаңа кезеңдегі мем­лекеттік басқару саласындағы халықаралық тәжірибе мен ғылыми зерттеулерге негізделген «Public Administration in the New Reality» атты кітап таныстырылды. Бұл кітап­қа 19 елден 39 автор қатысса, ал алғысөзді Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев жазған.

Ержан ҚОЖАС

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button