Cмартфон қолданбайтын елордалық оқушылар көбейді

Астана қаласы Білім басқармасының бастамасымен 2021 жылдан «Смартфонсыз мектеп» жобасы қолға алынды. Бес жыл ішінде жобаға қатысқан мектептер саны көбейіп қана қоймай, сабақ уақытында смартфон қолданбайтын оқушылар қатары айтарлықтай артып келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Әсіресе, жоғары сынып оқушылары ұялы телефонның білім алуға кедергі келтіретінін түсініп, мектеп қабырғасында гаджетсіз жүруге дағдылана бастаған.
Соның ішінде №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Тәжденқызының сөзінше, бұрын үзіліс кезінде оқушылардың басым бөлігі уақытын телефонға үңілумен өткізсе, қазір олардың қолынан кітап жиі көрінеді.
«Оқушыларымыз гаджеттен алыстағалы бері білім сапасында да оң өзгерістер байқала бастады. Балалар бір-бірімен көбірек сөйлеседі, сабаққа зейіні артты», – дейді ол.
Жоба аясында көптеген мектептерде арнайы тәртіп енгізілген. Оқушылар сабақ басталар алдында ұялы телефондарын арнайы ұяшықтарға немесе сақтауға арналған орындарға тапсырады. Сабақ аяқталған соң ғана құрылғыларын қайта алады. Бұл тәсіл оқушылардың назарын тек оқу процесіне бағыттауға мүмкіндік береді.Қазіргі таңда елорда мектептерінің барлығында дерлік «Смартфонсыз мектеп» жобасы енгізілген. Ресми деректерге сәйкес, қала мектептерінің шамамен 40% пайызында оқушылар сабақ барысында телефон қолданудан бас тартқан. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта да ұлғая түсуі мүмкін.
Осылайша, «Смартфонсыз мектеп» бастамасы – заманауи білім беру кеңістігінде тәрбие мен тәртіпті ұштастыра отырып, оқушының сапалы білім алуына жағдай жасауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.



