CISM әлем чемпионаты: елордалық балуан алтын медаль жеңіп алды

Астанада өтіп жатқан қазақ күресінен әскери қызметшілер арасындағы тұңғыш CISM әлем чемпионатында елордалық балуан, 66 кг салмақ дәрежесінде белдескен Әшім Сағындық чемпион атанды. Финалда ол Өзбекстан спортшысын айқын басымдықпен ұтып, алтын медальға қол жеткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Айта кетейік, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде өтіп жатқан дүбірлі додаға әлемнің 25 елінен балуандар қатысуда. Жарыс бағдарламасында 16 салмақ дәрежесі қарастырылған: ерлер арасында – 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 кг, әйелдер арасында – 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77 және +77 кг.
Чемпионатты Астана қаласы әкімдігінің және ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті және Qazaq Kuresi қауымдастығы бірлесіп ұйымдастыруда.
Дүбірлі дода 15 тамызға дейін жалғасады. Жанкүйерлер сайыстарды Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.