Цифрлық құрал енгізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық сала мен бағытта цифрлық құралдарды енгізу арқылы қызметтер мен деректерді толық цифрландыру қажеттігін тапсырған болатын. Президент тапсырмасын орындау және елорда тұрғындарына қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен шығару қызметінің сапасын арттыру, сондай-ақ қызмет ақысын есептеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуде Астана қаласы әкімдігі қоқыс шығаратын ұйымдардың қызмет көрсету сапасын растауға цифрлық құрал енгізді.
Былтыр қоқыс шығару шарттары қайта қаралып, бір компанияның орнына қала аудандары бойынша жұмысқа үш компания тартылған еді. Жұмыстың орындалуы ақпараттық сервис арқылы, тексеріссіз, жұмыс орнында тіркеледі. Бұл жүйе қызмет сапасын нақты уақытында бақылауға және тиімді басқару үшін аналитикалық дерек қалыптастыруға мүмкіндік бермек. «Waste Management» ақпараттық жүйесінің арнайы бағдарламасы арқылы барлық контейнер алаңдары мен контейнерлері белгіленген цифрлық карта жасалды. Яғни әрбір алаң жеке есепке алынады. Осылайша, цифрлық жүйе қоқысты міндетті түрде шығару жүйесін құруға жол ашып, енді компаниялар орындалмаған жұмыстарын жасыра алмайды.
«Бүгінде рұқсатсыз төгілген қалдықтардың шамамен 70 пайызы құрылыс қалдықтары екенін атап өткен жөн. Цифрландырудағы негізгі мақсатымыз – тұрмыстық қалдықтарды жинау мен шығару қызметтерінің сапасын арттыру, сондай-ақ елорда тұрғындары үшін көрсетілетін қызмет ақысын есептеуде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету. Бүгінде қатты тұрмыстық қалдықтар бойынша жоспарланған жұмыстардың 85 пайызы орындалды. Бұрын тұрғындардан күніне 200-ден аса шағым түссе, қазір олардың саны 5-ке қысқарды. Ендігі мақсат – цифрландыруды полигонның өзіне қосу. Қазір сол бағытта жұмыстар жүргізілуде» дейді Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов.
Басқарма басшысының орынбасары Медет Жалпыбаевтың сөзінше, кейінгі 3-4 жылда коммуналдық қалдықтардың дер кезінде шығарылмауының негізгі түйткілі – маршруттардың тұрақсыздығы, техниканың жетіспеушілігі мен тозуы. Арнайы цифрлық бағдарлама енгізілген соң нәтижесінде техникалық парк 100 жаңа қоқыс таситын көлікпен толығып, 15 мыңнан астам контейнер сатып алынған. Бұған қоса, қалдық көлемі бойынша нақты аналитика және қалалық инфрақұрылымды жоспарлау жақсарып, GPS растау мен фотофиксация арқылы қызмет сапасы артты. Сондай-ақ жүйе мемлекеттік қаржыландырусыз, тек қоқыс шығаратын компаниялар есебінен жүзеге асуда.
«Біз Есіл мен Нұра ауданы бойынша былтыр шілде айынан бері жұмыс жүргіземіз. Дұрысы, тұрмыстық қалдықтарды тазалау, жинау, тасымалдаумен айналысамыз. Бүгінде қоқыс шығару бойынша тұрғындардан шағым азайды, тіпті жоқ десек те болады. Компанияға қарасты қоқыс тазалау мен шығаруға арналған 58 арнайы техника бар. Болашақта мұның санын арттырамыз.
Жұмыс таңғы 6-да басталып, кешкі 9-ға дейін жалғасады. Ал сәуір айынан бастап қалдық шығаратын алаңдарды, жерасты контейнерлерін сумен жуып, арнайы дезинфекциядан да өткіземіз» дейді «Taza Zher Capital» ЖШС директоры Бақдәулет Жұмағалиұлы.
Айта кетейік, осы жылдың 26 наурызында өткен Үкімет отырысында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек бұл жүйенің нәтижесін Премьер-министр Олжас Бектеновке баяндаған еді. Аталған жүйе жоғары бағаланып, өзге өңірлерге үлгі ретінде таратуға тапсырма берілді.
Ержан ҚОЖАС