Цифрлық инфрақұрылымның дамуы қалай?

Бас қалада цифрлық инфрақұрылымды дамыту, қалалық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, бейнебақылау арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарында биылғы жарты жылда қандай жұмыстар атқарылды? Бұл жайында қалалық коммуникациялар қызметінің алаңында Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық баяндады.
Оның айтуынша, iKomek109 бірыңғай байланыс орталығы қала тұрғындарының өтініштері мен арыз-шағымдарына жедел әрекет ететін мекемеге айналды. Биылғы 6 айда бұл орталық 1 миллионнан астам өтініш пен 220 мыңнан аса оқиғаны тіркеді. Мәселелердің 82%-дан астамы бір қоңырау шалудан, яғни бірден шешілді.
Ал QalaQyzmet қалалық қызметтер орталығы коммуналдық және өзге де бағыттар бойынша 120-дан астам қызмет түрін көрсетіп келеді. Осы жылдың басынан бері 113 мың қызмет көрсетілді. Оның 57 мыңы – онлайн, 56 мыңы фронт-кеңселерде жүзеге асты. Ең сұранысқа ие қызметтер – коммуналдық ұйымдармен келісімшартқа отыру, техникалық шарттарды рәсімдеу және Бірыңғай есептеу орталығы (ЕРЦ) бойынша кеңес беру.
«Қауіпсіз қала» бағытын іске асыру аясында жоспарланған 2000 бейнебақылау камерасынан 1300-ден астамы орнатылып, Астананың Полиция департаментінің Жедел басқару орталығымен бірікті. Ерекше назар білім беру мекемелерінің қауіпсіздігіне аударылды. Жыл басынан бері мемлекеттік мектептерде 565 камера қойылды. Жалпы бұл жоба шеңберінде жыл сайын 1940 камера мен 100 SOS батырмасын орнату жоспарланған. Яғни алдағы 3 жылда 100 мектепті ішкі және сыртқы бақылау үшін 5800-ден аса камера мен 300 SOS батырмасы орнатылмақ.
Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырмасы бойынша жедел медициналық жәрдем станцияларының көліктеріне орталықтандырылған бейнебақылау жүйесін орнату жобасы іске қосылды. Соның аясында 100 жедел жәрдем көлігіне 400 бейнекамера орнатылмақ. Мұндағы тиісті бейнежазбалар 30 күнге дейін сақталады.
Астана әскерге шақырылушыларды медициналық тексеруден өткізуді толық цифрлық форматқа көшірген алғашқы өңір атанды. Биыл көктемде бұл жүйе 2500-ден астам азаматты қамтыды.
Телекоммуникация жетістігі қатарында 16 тұрғын алап пен 1 саяжай алабына жылдамдығы жоғары талшықты-оптикалық интернет тартылғанын атап өтуге болады. Жоспардағы жеке сектордағы 12 мың тұрғын үйдің 10500-ден астамы тұрақты интернетпен қамтылды.
Қалада интернет нашар ұстайтын 35 аймақ анықталған еді. Оның 23-і тұрақты байланыспен қамтамасыз етілді, тағы 4-еуіне базалық станцияларды орнату жоспарланған, жыл соңына дейін тағы 8 станция қойылады. Жалпы бүгінде бас қалада 5G форматы бойынша 300 базалық станция жұмыс істеп тұр.
Цифрландыру саласында халықаралық байланыс жолға қойылды. Мәселен, Яндекс компаниясымен бірге жедел жәрдем бригадасының келуін Яндекс.Карталар арқылы бақылау қызметі енгізілді. Жеделдіктің бірінші санатындағы шақыру кезінде науқасқа көліктің бағытын көрсететін сілтемесі бар SMS-хабарлама жолданады.
Бұған қоса, жастар арасында цифрландыру бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Алдағы күзде елордада Қазақстан мен ТМД елдерінің мектеп оқушыларына арналған STEM-олимпиадалары қайта өтеді. Сонымен қатар қалалық стартаптарды қолдау бағдарламаларын іске қосу және мегаполис жағдайында цифрлық шешімдерді сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Астананың цифрлық инфрақұрылымын дамыту әрі қарай да жалғасады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ